"Не мүгедек етеді, не өлтіріп кетеді": Карина Мамаш өзіне зорлық көрсеткен күйеуінің туыстары арызын алуға бопсалап жатқанын айтты
Дипломат күйеуінен ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, кейін БАӘ-ден елге қайтарылған Карина Мамаш желіде өзіне қайын жұртынан қысым келіп жатқанын жеткізді. Айтуынша Сәкен Мамашты бағып, өсірген жеңгесі Каринаның әжесіне хабарласып, арызды алуға көндірмек болып, бопсалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Карина бұл жайтты өзінің TikTok-тағы парақшасында жариялады. Айтуынша, осы жағдайдан соң әжесінің денсаулығы нашарлаған.
“Бүгін менің әжеме Гүлнәр апа хабарласыпты. Ол Сәкенді үш жасынан бері қараған, әулеттегі ең үлкен келін. Ол менің әжеме “Әлі де кеш емес, Карина өтінішін алсын, әйтпесе Сәкеннің бүкіл Қазақстанда достары көп. Олар оны не мүгедек етеді, не өлтіріп кетеді. Одан да Карина арызын қайтарып алсын” деген. Менің әжемнің жағдайы бұдан кейін нашарлап кетті. Аяғын баса алмай қалды. Немересінде осындай жағдай болып жатқаны оған ауыр тиді. Олар қазір әжеме қоймастан түрлі жазбалар жазып жатыр. Басында кешірім сұрап жалынса, қазір қысымға көшкен”, – деді Карина Мамаш.
Айта кетейік, бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш күйеуінің жүйелі түрде ұрып-соғатынын айтып, шағымданған еді. Әйел 10 жыл бойы зорлыққа шыдап келе жатқанын жеткізген. Ол өзіне және балаларына қауіп төніп тұрғанын хабарлап, Қазақстан үкіметінен көмек сұраған еді.
Астана полициясы дипломат күйеуінен зәбір көргенін айтқан қазақстандық Карина Мамаштың ісіне қатысты қылмыстық іс қозғады.
@karidea_ ♬ оригинальный звук - Карина Мамаш