Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Назарбаевтың туған күнінде отшашу шашылмайды: Әкім экс-президенттің аты-жөнін атаудан бас тартты

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек биылғы жылы елордада 6 шілде - бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне сәйкес келетін қала күнінде отшашулар ұйымдастырылмау себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қала басшысы журналистердің сұрағына жауап бере отырып, бұрынғы мемлекет басшысының аты-жөнін атамауды құп көрді. Ол елорда жұртшылығы отшашу сұрамағанын айтты.

"Біз отшашу ұйымдастыруды жоспарлаған жоқпыз.  Сондықтан сіз атаған фамилиямен ешқандай байланыс жоқ. Қала жұртшылығы да отшашу сұраған жоқ. Сондықтан ұйымдастырылмайды", – деді Жеңіс Қасымбек.

Cондай-ақ журналистер Жеңіс Қасымбектен елордадағы сумен қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндама жасау үшін Ақордаға барған күнін еске салып, дәл содан кейінгі күні ҚР премьер-министрінің орынбасары, елорданың экс-әкімі Алтай Көлгіновтің қызметінен босатылуының себебі жайлы сұрады.

“Мен ол күні тек қаладағы су мәселесіне қатысты есеп бердім, басқа сұрақтар қойылған жоқ. Егер оқиғалардың уақыттары сәйкес келіп жатса, ол жай ғана сәйкестік”, – деді Астана әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын қала әкімдігі мерекеге орай отшашу болмайтынын мәлімдеген. Биыл Астана күні үшінші жыл қатарынан отшашусыз өтпек.

Айнұр Мұхади
Жұма, 30 Маусым, 2023 18:04
Талқылау