Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз басшысын құрметтемейтін халық Құдайдың қаһарына ұшырайды": Қайрат Сатыбалды деген кім?

13 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ұсталғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Сатыбалды қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын ұрлау фактісіне күдікті деп танылған. Қайрат Сатыбалды деген кім? Stan.kz материалынан оқи аласыздар.

Қайрат Сатыбалды

Қайрат Сатыбалды – Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 1970 жылы туған, ал 11 жасында әкесі жол апатынан қаза тапқан. Бастапқыда Қайраттың тегі Назарбаев болған. Қайрат Сатыбалды саяси мансабында бірнеше лауазымды қызметтер атқарған.

Отбасы

Әкесі Сатыбалды Әбішұлы Назарбаев (1947-1981) – Н. Назарбаевтың туған інісі. 1981 жылы жол апатынан қаза тапқан. Анасы Светлана Мырзахметовна Назарбаева ұстаз болып қызмет еткен. Сондай-ақ "Дәуір" баспасының бас директоры.  

Жары Гүлмира Қауасов Назарбаева да ұстаз. Балалары: Бауыржан Нұрсұлтан (1991 жылы туған), Аружан Сатыбалды (1999 жылы туған), Дария Сатыбалды (2002 жылы туған).

Қайрат Сатыбалды – ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болған Самат Әбіштің туған ағасы. Ол қаңтар оқиғаларынан кейін қызметінен босатылған еді. 

Мемлекеттік қызметкерден ірі кәсіпкерге дейін

1991 жылы Сатыбалды саясаттағы мансабын Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен бастады. Кейін Алматы әкімінің орынбасары (1998-2000), "Қазақойл" компаниясының вице-президенті (2000-2003), ҰҚК кадрлар департаментінің директоры (2003-2005), "Қазақстан Теміржолы" компанияының вице-президенті (2005-2006), "Дүние" корпорациясы" акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы (2006-2010) қызметтерін атқарды. 

Ал 2010-2015 жылдары "Нұр Отан" партиясының хатшысы болып қызмет етті. Америкалық Forbes журналының мәліметінше, Сатыбалды 2015 жылы Kaspi Bank акцияларын сатып алып, Вячеслав Ким және Baring Vostok компаниясымен бірге ең үлкен үшінші акционер атанған. Назарбаевтың немере інісіне акциялардың 30%-ы тиесілі болған. Ал 2018 жылы ол Kaspi Bank-тегі өз үлесін толығымен Қазақстан қор биржасына сатты. 

Сарапшылар мұны Kaspi-дің IPO-ға шығуына қажетті болған жалған сауда деп атады. 

Қайрат Сатыбалды 2005 жылы "Орда и К" ұйымын құрды. Бұл өзі басқарған Ұлттық ойындар ассоциациясы мен "Қайрат" қайырымдылық қорын, сол жылы құрылған "Ақ орда" ұйымын біріктіреді. 

Көпшілігі жаңа ұйымды Дариға Назарбаева құрған "Асар" партиясымен салыстырды. Кей сарапшылар "Ақ орда" ұйымын саяси күреске түсу үшін негізгі күшке айналуы мүмкін екенін де алға тартқан. 

Генерал-майор Сатыбалды экономикалық және қоғамдық реформалардың орындалуын тездетуді қалайтынын мәлімдеген. Дегенмен "Ақ орда" құрылған уақыттан бастап ешқандай сайлауға қатыспаған, саяси белсенділік танытпаған. 

Ол спорт саласын да айналып өтпеді. 2001 жылы ол 3 спорт федерациясын басқарды. Бүгінгі күнге дейін ол Ат спорты федерациясы, Ұлттық ойындар федерациясы, Халықаралық көкпар федерациясына басшылық етіп келді. Ал 2002 жылы Олимпиада боксы федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды. 

Назарбаевтың інісі отбасылық істерден бөлек уақытын спортқа, ат үстінде серуендеуге және үстел теннисіне арнайды.

Сонымен қатар ол "Қазақтелеком" АҚ 24% акциясына иелік ететін Skyline Investment Company S.A. офшорлық фирмасының жалғыз құрылтайшысы ретінде көрсетілген. 

Діни көзқарасы

Сатыбалды Ислам дінін берік ұстанады. 2005 жылы “Ақ орда” ұйымы құрылған тұста ұйымның діни бағытты ұстайтыны туралы болжамдар болды. Себебі 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалды жеті рет Меккеге, екі рет қажылыққа барған. Әрі өзінің қайырымдылық қоры 17 кесене мен 25 мешіттің құрылысына көмектескенін айтқан.

Сонымен қатар 2010 жылы Қайрат Сатыбалды "Нұр Отан" партиясының хатшысы болып сайланған соң айтысты қаржыландырды. 2011 жылдың сәуірінде ол 50 айтыскер, 10-ға жуық ақын-жазушыны кіші қажылыққа жіберді. 

Көпшіліктің алдында сөз сөйлеген Қайрат Сатыбалды дін туралы өз ойын айтып ашық айтып, елді бірлікке шақырған.

"Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп сасық әңгіме болмай, қазақты біріктіретін тек Ислам. Мұсылманды мұсылманға жақындататын тек Ислам. Намазда, оразада, бес парызда бірге болайық. Бұл дүниенің жақсылығын көріп, жұмақта бірге болайық", - деген еді ол. 

Ел есінде қалған сөздері

"Руханият бізге ауадай қажет. КСРО-ның пайдалы тұстары 99% десек, 1% кері тұсы – атеизм. Сондықтан ол құлады. Біз шенеуніктер арасында жемқорлықты қанша бақыласақ та, Құдайдан қорықпаса, әрі қарай да ұрлай береді".

"Сенім Отанға деген махаббаттан басталады. Нағыз діндар – өз Отанының патриоты".

"Өз басшысын құрметтемейтін халық Құдайдың қаһарына ұшырайды. 

Бұл қозғалыс әділ адамдарды біріктіреді. Болашақта осы қозғалыс негізінде партия пайда болуы мүмкін. Кейін өз кандидаттарымызды парламент депутаттығына ұсына аламыз ("Ақ орда" қозғалысы туралы – авт.)".

"Менен көпшілігі қоғамдық қызметімнің Н.Назарбаевпен туыстық қарым-қатынасыммен байланысты ма деп сұрайды. Бұған былай жауап беремін: иә, Нұрсұлтан Назарбаев – менің ағам, мен оның мемлекеттік туралы идеяларын қолдаймын, оның дана саясатына тәнттімін және бар күшімді салып оған көмектесемін".

Айта кетейік, 13 наурызда Қайрат Сатыбалды лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған еді.

Талқылау