Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нарықты көрші елдің көкөнісі жаулаған": Павлодарлық фермерлер тонналаған сәбізді сата алмай отыр

Павлодарлық шаруалар былтыр жиналған тонналаған сәбізді әлі сата алмай жатыр. Қазір қоймаларда қаппен қаланып тұрған көкөніс бүліне бастаған. Шаруалар сәбізді қайда өткізерін білмей билікке шағымын білдіріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Шаруалар көкөністі экспортқа шығаруға кедергілер болғанын айтты. Оның үстіне ішкі нарықты көрші елдердің арзан сәбізі жаулап, отандық өнімге сұраныс азайыпты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері қоймаларда көкөністің тұрып қалғанын растады. Оны сату амалдарын қарастырып жатқандарын да жеткізді. Ал сәбізді шетелге шығарып, сатуға тыйым жоқ деп отыр. 



"Павлодар облысына басқа елдерден сәбіз жеткізілген жоқ. Сондай-ақ басқармамен "Рахмет" базарына мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде сәбізді облыстың жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеткізетіні туралы ақпарат расталды. Облыстық Агроөнеркәсіптік кешеннің аумақтық инспекциясының деректері бойынша экспортқа тыйым салынған жоқ", – деді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Бектұрова. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жарты жылға картопты үшінші елдерге экспорттауға тыйым салынғанын жаздық. Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы қазақстандық картоп экспортының көлемі 605 мың тонна болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Қабылданған шаралар картоп бағасының алыпсатарлық жолмен өсуіне және нарық қатысушыларына спекулятивті әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік береді.

Талқылау