Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы өз еркімен Қазақстанға қайтарылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығы мен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы "БТА Банкі" АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрамында жасалған ақшаны, оның ішінде шетелде жымқыру және жылыстату деректері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: rbk.ru

Қылмыстық іс бойынша 2009 жылдан бері іздеуде жүрген Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы – Алексей Владимирович Богданов Қазақстанға өз еркімен қайтарылды.

Ол – "Metropolitan Manageres Corp" (BVI) оффшорлық компаниясының номиналды өкілі. "Беловод крахмал комбинаты" ЖАҚ Басқарма төрағасы және "Маис Агро" ЖШС маманы ретінде банктің 300 млн теңгеден астам сомаға ақша қаражатын жымқырған. 



“Күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Богданов Қазақстанға оралуға және тергеуге жәрдемдесуге ниет білдірді. Ол туралы жазбаша өтініш жолдады. Биыл 15 мамырда ҚР ІІМ Интерполының көмегімен Богданов Брюссель қаласынан (Бельгия) Алматыға келді”, – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі.

Күдіктінің ерікті түрде оралуын, кінәсін толық мойындауын және тергеумен ынтымақтастығын ескере отырып, Богдановқа қатысты бұрын сайланған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы кепілге өзгертілді. Қазір күдіктінің қатысуымен тергеу жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовтың ағасы әрі сыбайласы Қуаныш Нұрғазин елге оралған еді. Сондай-ақ ол Қазақстанға не үшін оралғанын түсіндірді

Талқылау