Мұхамеджан Тазабеков: "Асыл арнаны" жауып, "Тәлімтв" ашамын
Мұхамеджан Тазабеков Алматыда өткен ҚМДБ ғұламалар кеңесінің кезекті кеңесіне қатысты. Жиында бұрыс ағымдардың жолын кесу, халық арасындағы түсінушілікті жолға қою мақсатында бірқатар мәселелер талқыланды.
Тазабеков "Асыл арнаны" жауып, "Тәлімтв" жобасын қолға алатынын айтты. Арна жаңа атаумен көрерменге ұсынылып, әлеуметтік – отбасылық, ғылыми – танымдық, мәдени – ағартушылық бағытта қызмет етеді.
"Бүгін, түстен кейін Мүфтияттың Алматыдағы бас ғимаратында тарихи жиын өтті.
ҚМДБ ғұламалар кеңесінің кезекті кеңесі бас қосып, оған мен қонақ ретінде шақырылдым.
Келелі кеңес маңызды мәселелерге арналды.
Пандемия кезіндегі отандастарымыздың рухани қажеттілігін қамту, жамағат арасындағы түсінушілік пен кері ағымдардың жолын кесу мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, Абай мен Мәшһүр Жүсіп, Майлықожа мен Шаһ-Кәрімдер секілді даналар ұстанған Мәтруди ақидасының қазіргі қазақ руханиятындағы алтын қазық орыны мен Ханафи мазхабының тығырықтан шығарар тұғырлы қасиеттері сөз болды.
Мен де шыны керек, осы күнге дейін толық жауабы берілмеген, нүктесі қойылмаған, қоғам тарапынан туындап жүрген сұрақтарға бүгінгі берекелі жиында ашық, айқын жауап тауып, жүрегім ғұламалар насихаты мен уағызынан қанағат тапты.
Ақидамыз Мәтруди, мазһабымыз Ханафи, қара шаңырағымыз Мүфтият деген ұстаныммен, ынтымақ- бірлікпен жиын соңында тарқастық.
Біраз уақыт бұрын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездескенде бүгін ғана тұсауы кесіліп жатқан “Халық арна” діни каналы жайында сөйлескен едік", - деп жазды.
Тазабеков діни контентті жауып, басқа арна ашуды мақсат тұтты.
"Егер діни канал ашып жатсаңыздар, “Асыл арнаны” жауып, орнына басқа арна ашамын, ал діни контенттерді басы бүтін өздеріңізге тапсырамын” деп айттым.
Себебі, діни уағызбен діни басқарма толықтай өздері айналысқаны жөн. Қазір бұрынғыдай емес, діни басқарманың кадрлық, қаржылық құзыреті діни арнаның қызметін қамтуға жеткілікті.
Сырт көзден де артық сұрақ туындамай, бір бұлақтан ақпарат тарқауы елге де ыңғайлы.
Ал он жыл бұрын біз арна ашқан кезде алдымызда салыстыратын, үлгісін алатын мұндай жоба болмаған. Қатты қиналдық, іздендік, артық айттық, кем айттық, халықпен кеңесе жүріп осы күнге жеттік.
Ол кезде эфирде құмарлық насихатталса да құран оқылмайтын, мазаң қашатын әуен болса да азан айтылмайтын.
Қаншама ата-апаларымыз сұқбат тыңдап, жастарымыз рухани тағылым үйреніп, қаншама бағдарламаларды балаларымызбен бірге отырып ұялмай көрдік.
Мұхамеджан Тазабеков тізгіндеген "Тәлім Трендке" белсенділер неге қарсы: Арна продюсері жауап берді
Аллаға шүкір, діни басқарма толысып, осыншалық ауыр жүк, діни аманатты мойынымыздан алып жатқанына қуаныштымыз.
"Халық арнаға" ақ жол, шығармашылық табыс тілейміз.
Ал "Асыл арна" жыл аяғына дейін жаңа концепциясын дайындап, өз көрермендеріне "Тәлімтв" деген жаңа атпен жол тартып, ары қарай әлеуметтік - отбасылық, ғылыми - танымдық, мәдени - ағартушылық бағытта қызметін жалғастырады. Әрі көрермендерге әлеуметтік ролдік модельдерді ұсынатын мотивациялық консервативті алаңға айналады.
Халықтың рухани қызметіне жарап, ақындығымыз бен ұйымдастырушылық қабілетімізді ел игілігіне пайдалана алсақ, бұл да бір Алланың берген ұлы нығметі.
Алла баршамызға берекесін жаудырсын!", - деді Тазабеков.
Айта кетейік, жақында ғана көрерменге жол тартқан "Тәлім тренд" бағдарламасын Мұхамеджан Тазабеков тізгіндеді. Ұлттық арнада жүргізушілікке келген Тазабековті даттағандар да, ақтағандар да табылды.