Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Музейге беру керек": Меруерт Өтекешоваға ерекше торт тарту етілді

Меруерт Өтекешова
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстандық кондитерлік үйі қазақ киносының аңызына айналған актриса Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына ерекше сыйлық дайындады. Шеберлер өнер иесіне арнап төрт қабатты торт жасап, оның шығармашылық жолы мен отбасылық естеліктерін бір туындыға тоғыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кондитерлер тортты театр сахнасы үлгісінде безендірген. Оның әр қабатына Меруерт Өтекешованың жеке және отбасылық фотосуреттері орналастырылған. Ал ең жоғарғы бөлігіне актрисаның “Қыз Жібек” фильміндегі әйгілі бейнесін еске түсіретін сәукеле жасалған.

Ерекше тәттіні әзірлеуге шеберлер 13 күн жұмсаған. Ал торттың бөліктерін біріктіріп, сәндеп, соңғы келбетін қалыптастыру жұмыстарының өзі 10 сағатқа созылған.

Кондитерлік үйдің мәліметінше, актриса тосынсыйды көргенде ерекше әсер алып, тортты музейге қоюға лайық деп бағалаған.

“Музейге беру керек бұл тортты”, – деген Меруерт Өтекешованың сөзін кондитерлік үй әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Ал “Тәп-Тәтті” ұжымы қазақтың Қыз Жібегі атанған актрисаға осындай сыйлық дайындаудың өздері үшін үлкен мәртебе болғанын жеткізді.

“Қазақтың Қыз Жібегіне – ерекше ықыласпен! Меруерт Өтекешованың мерейтойына арнайы тәтті тосынсый дайындау “Тәп-Тәтті” ұжымы үшін үлкен мәртебе болды. Меруерт Қаратайқызы, жүзіңізден күлкі кетпей, жақындарыңыздың ортасында қуанышқа бөлене беріңіз!” – деп жазды кондитерлік үй өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау жұрты Меруерт Өтекешоваға сәйгүлік сыйлағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 09 Қазан, 2026 18:50