Мобильді қосымшаларға қазақ тілінде қызмет көрсету туралы талап қоямыз – Бағдат Мусин
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин алдағы уақытта мобильді қосымшалардан қазақ тілінде қызмет көрсету талап етілетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бұған бұрын мән бермеуші едік. Тек қана мемлекеттік органдардың сайттарына, порталдарына назар аударып келдік. Оларды мәжбүрлеп, қазақ тіліне аударттық. Бірақ олардың да сапасы төмен екенін білеміз. Қазір жақсартып жатырмыз. Оларға талап қойылды, жұмыс жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді Бағдат Мусин Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесу барысында.
Министрдің сөзінше, Facebook сынды жекеменшік сервистерден қазақ тілінде жұмыс істеуін талап ете алмайды. Егер қазақ тілінің жоқтығына байланысты сервисті елде жауып тастаса, тұрғындар наразы болуы мүмкін.
"Себебі бұл – нарық. Сондықтан осы сатыда қазір Америкаға бармай-ақ қояйық, жанымыздағы сервистер – 2ГИС, Яндекс болсын, соларға шығып, осындай талаптарды қойып жатырмыз. "Біздің экономикада жұмыс істегіңіз келсе, онда қазақ тілін енгізесіз" деген талап қоямыз. Сондай ұсыныстарды талқылаудамыз", – деді министр Ақтөбе облысы жұртшылымен кездесу барысында.
Айтуынша, мұндай талапты заңға енгізу де қажет. Дегенмен бұл күрделі процесс екенін атап өтті ол.