Ыдыс жуып, танымал болған "Қызылорда аруы": Қуат Хамитов сүйіктім боласың ба деп ұсынса, бұйырғаны болар
"Қызылорда аруы" ыдыс жуып жүр деген сөздерден кейін Гүлнұр Нұртаза Қазнеттің нағыз жұлдызына айналған. "Қызылорда миссінің" асханалардың бірінде ыдыс жуып жүрген видеосы ел күтпеген жаңалық болғаны рас. Тіпті, ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитов қара жұмыс істеуге арланбаған қызбен кездескісі келетінін айтқан еді. Сылқым бикештің мұндай күйге түсуіне не себеп? Stan.kz тілшісі Гүлнұрмен тілдесіп, оқиғасын тыңдады.
Гүлнұр ыдыс жуып, видеосы таралып кеткен соң, адамдар әртүрлі оймен хабарласатынын айтады. Әлеуметтік желіде парақшасы жоқ екенін пайдаланған алаяқтар Гүлнұрдың атынан жалған парақша ашып, елді алдап ақша өндірген. Осы жағдайдан кейін Гүлнұр ресми түрде өз парақшасын ашуды қолға алған. Отандық БАҚ Гүлнұрдың оқиғасын жарыса жазып жатқан соң, жұмыс ұсындық, үй бердік, қолдап жатырмыз деген "пысықтар" көбейген еді.
"Кейінгі кезде маған жұмыс, үй ұсынғандарын, көмектескендерін айтып жазып жатқандар көп. Бірақ оның бәрі жалған. Жұмыс береміз деп алдап шақырғандар бар, жұмыс ұсындық деп ауызша айтқандар да бар", - дейді бойжеткен.
Қазақ қызының оқиғасы ресейлік танымал тележүргізуші-журналист Ксения Собчактың да назарына түсті. Бағдарламасының арнайы қонағы болуды ұсынып, Мәскеуге шақырған. Бұл үшін қомақты қаржы да ұсынған. Дегенмен, Гүлнұр бұл шақыртуды қабыл алған жоқ.
"Ресейлік бағдарламадан бас тартқан себебім: қазақ қызының намысына сөз тие ме деп ойладым. Халқымды кемсіте ме деп қорықтым. Олар қомақты ақша ұсынды. Басында ақшасына қызыққаным рас. Ойлана келе, кесірім бүкіл елге тиіп кете ме деп бас тарттым.
Жақын арада украиналық журналист сұхбат алған болатын. Содан кейін сол елден модель болуға шақырту алдым. Бірақ дереу бас тарттым. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болғаным тәуір", - дейді қызылордалық ару.
Гүлнұр Алматыдағы жоғарғы оқу орындардың бірінде экономист-менеджмент мамандығында білім алып жатыр. Сырт қарағанда сұлу, нәзік қыздың еш уайымы жоқтай көрінгенмен 20 жасына дейін өмірдің біраз ауыртпалығын көрген. Бес жыл бұрын әкесін, былтыр анасын о дүниеге шығарып салған. Жалғыз қалған ол "жұмыс таңдап отырмадым" дейді.
"Жасым 20-да. Осыдан бес жыл бұрын әкем жүрегі ауырып өмірден озды. Өткен жылы қыркүйек айында анам коронавирустан қайтыс болды.
Жалғыз қалуыма байланысты көптеген жұмыс орындарын қарадым. Жалдамалы пәтердің ақшасын төлеу керек болды. Ата-анамнан қалған үй жоқ. Сондықтан көптеген жұмыс орындарына бардым. Бірақ орыс тілін жетік білмегенім кедергі болды. Тек қазақ тілінде сөйлегендіктен, көп жұмыс орнына орналаса алмадым. Карантин кезінде амалдың жоғынан ыдыс жууға тұрдым. Ол да жұмыс. Мені танып қояды, ұят болады дегенді мен ойлаған жоқпын. Ыдыс жуудан күніне 10 мың теңге алатынмын. Ыдыс жууды қара жұмыс деп мен есептемеймін. Өте қиын жұмыс деп айта алмаймын. Әрбір әйел адамына ыдыс жуу, тамақ істеу деген бойына туа біткен қасиет. Бұл жұмыстан қиналған жоқпын", - дейді ол.
Басынан өткен ауыр қайғыдан соң, Гүлнұр білекті сыбанып табылған жұмысты істеу керек болғанын айтады.
"Ата-анам өте жақсы адамдар еді. Әкемнің еркесі болдым. Мен үйдің жалғыз қызымын. Қыз баласының ойы жүйрік, қиялы шексіз ғой. Түрлі арманым бар. Қазір модельдік салада өзімді дамытқым келеді. Әзірге модель боламын ба, әлде экономист па өзім білмеймін", - дейді ол.
Түр-сымбаты келіскен аруға жігіттер тарапынан да ықылас көп екені жасырын емес. Оның ішінде отбасылы үлкен "ағалар" да көп дейді өзі.
"Жұмыс орнында қырындайтын адамдар көп. Жұмыстан тыс уақытта шай ішейік дейтіндер, ыңғайсыз ұсыныстар айтатын еркектер бар. Бұл жағдай менің жаныма қатты батады. Себебі олардың отбасы бар. Біреуіне қарындасындай, біреуіне қызындай болып келемін", - дейді.
Гүлнұрдың әлеуметтік желіде таралаған видеосы ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтың да көзіне түскен. Ол қазақ қызының мінезіне тәнті болып, жақын арада жеке кездесетінін айтып желіде жазба қалдырған еді. "Спортшы сөзінде тұрды ма?" деп Гүлнұрдан сұрағанымызда:
"Қуат Хамитов парақшасында мен туралы жазып, қолдап жатыр. Көп рақмет айтамын. Бірақ әлі кездескен жоқпыз. Келіп "сүйіктім боласың ба?" деп ұсынса, бұйырғаны болар. Ол туралы ойланбаппын. Нақты ештеңе айта алмаймын.
Менің жүрегімді жаулайтын адам қамқоршы болуы керек. Себебі қамқорлық танытқан адамның бойында мейірім де, жауапкершілік те болады", - деп қайырды Гүлнұр.
Сөз арасында кішкентайынан жүрегі ауыратынын айтқан Гүлнұр ем барысын денсаулық министрі Алексей Цойдың өзі бақылауына алған екен. Қазір киім дүкендерінде модель болып жұмыс істеп жүрген ол ыдыс жумайтынын айтты. Гүлнұр сондай-ақ өзін жан-жақты дамытуды қолға алған.
Дайындаған: Жанна Мәлік