Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Минусы көп": Кәріс ұлтына тұрмысқа шыққан атыраулық қыз не үшін қазақ жігіттерінен бас тартқанын айтты 

Өзге ұлт өкілінің етегінен ұстаған қазақ қызының аты-жөні – Ғайни Әлжанова. Атырау қаласында туып өскен арудың ұлты – қазақ, діні – мұсылман. Қаршадайынан ата-әжесінің тәрбиесін көрген ол 18 жасқа толғанда Алматыға оқуға түседі, дәл осы алып шаһарда кәріс жігітімен танысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото Ғайни Әлжанованың жеке архивінен

Ғайни Әлжанова 3-курс оқып жүргенде қосымша табыс табу үшін дәмхананың SMM менеджері ретінде жұмысқа кіреді. Ал дәл сол кафе басшыларының бірі Артур Ли есімді кәрісі жігіті екен. Бұл кездесуде қыз әлгі ер адамды бірден іштей ұнатқанын ашық айтты.

"Ең бірінші көрген кезде "мына жігіт менікі болады" деп ішімнен айтып қойғанмын. Қазір күлкілі. Себебі мен қойған мақсатыма жеткендеймін. Ең алғаш танысқан кезде кәріс деп ойламадым. Біздің қазақтарда да Артур деген есім бар ғой, қазақ екен деп ойладым. Қай жүзден екенін, руын бірінші сұрадым. Сол кезде ол "төртінші жүзденмін" деді, яғни "төртінші жүз – кәріспін" дейді. Кәріс екенін сол кезде білдім. Бірақ үйлену туралы ұсынысын қабылдадым. Бір жыл көңіл жарастырып жүріп, үйлендік. Ұзату тойым өтті, Алматыда үлкен тойымыз болды", – дейді Ғайни.  

Ал атыраулық арудың ата-анасы мен ата-әжесі кәріс күйеу баланы басында жат санап, жақынырақ қабылдай алмаған көрінеді. Тіпті Ғайнидың таңдауын құрбылары да, достары да қолдай қоймапты.  

"Артурмен жүріп жүрген кезде менің ата-анам "кәріс" деп, қатты ұнатпаған. "Ой, қазақ жігіті табылмады ма?" деді ата-әжем. Достарымнан да біраз сөз естіп жүрдім. "Ол кәріс қой, мұсылман емес. Олар сүндеттелмейді" деп айтатын. Кейін бәріне үйрендім. Барлығына мән бере берсең, ешкім сен үшін өмір сүріп бермейді. Ұлттың жаманы болмайды, адамның жаманы болады. Сондықтан мен өз таңдауыма еш өкінбеймін. Кейінгі жағдайларды естіп жатырмыз. Қазаққа тұрмысқа шығып, таяқ жеп жүрген қазақ қыздары қаншама", – дейді атыраулық ару. 

Бастапқыла Ғайни Әлжановаға өзіміздің қазақтың жігіттері жүрегін ұсынып, сезімін білдірген екен. Бірақ ол бас тартыпты. Тіпті ол қазақ еліне келін болғысы келмейтінін жасырған жоқ.  

"Әрине, қазақ жігіттері сезімін білдірді, ұсыныс жасады, оны жасырмаймын. Бірақ өзімнің таңдауым ғой. Қазақ жігіттерімен келісе алмадым, мінезім сәйкес келмеді. Жалпы мен өзімді қазақтың келіні ретінде көре алмаймын. Неге? Себебі көп минустары бар. Сені бір қызметкері ретінде көреді. Қонақтар келсе де, "келін, келін, келін" деп асханаға жібереді. Қонақтардың арасында отырмайды. Сені бір даяшы, азпаз ретінде көреді. Адам ретінде құның жоқ сияқты. Мен соған қатты қарсымын. Менің өзімнің бостандығым болуы керек деп ойлаймын. Сосын қазақта ата-енемен тұру деген бар ғой. Сол ұнамайды. Біздің ер адамдар ата-анасына көп қарсы келе бермейді. Өздері әйелімен бөлек тұрғысы келсе де, оны ашық айта алмайды. Ал менің күйеуім ата-енеме: "Біз сендерден бөлек тұрамыз" деп бірден айта салды. Олар да қарсы болған жоқ", – дейді қазақ қызы. 

Бүгінде кәріс жігіті Артур мен қазақ қызы Ғайнидің екі баласы бар, ұлы Давид 5 жаста, қызы Инна 4 жаста. Ерлі-зайыпты о баста сәбилерді қырқынан шығарып, бір жаста тұсауын кескен. Кейін кішкентай ұлын христиандарша шіркеуге апарып, шоқындырыпты. 

"Иә, біз ұлымызды христиандарша шоқындырдық. Ол кезде де көп жағымсыз пікір естігенмін. "Мұсылман қылмайсың ба, мешітке апармайсың ба, сүндетке отырғызбайсың ба" деп жазды. Мен ондай пікірлерге үйреніп кеттім. Менің ата-енем солай қалады. Негізі енем христиан дінін ұстанады. Сол кісі баламызды шоқындырғанымызды қалады. Сондықтан 6 айлық кезінде шіркеуде шоқындырдық. Ал қызым дүниеге келген кезде карантин болған еді. Сондықтан қызымызды шоқындыруды кейінге қалдырдық", – дейді Кореяда тұратын қазақ қызы. 

Қазір Артур Ли мен Ғайни Әлжанова Оңтүстік Кореяға көшіп кеткен. Бақытты екенін айтып, таңдауына еш өкінбейтінін жеткізді. Сондай-ақ ол өзге ұлтқа тұрмысқа шыққысы келген қазақ қыздарына кеңес берді. 

"Басқа ұлтқа тұрмысқа шыққысы келетін қыздарға айтарым, ол – сіздің таңдауыңыз. Қазаққа шық, орысқа немесе кәріске шық, сіз оған саналы түрде баруыңыз керек. Басқа ұлтқа тұрмысқа шығарда біздің елдің емес, сол елдің неке заңын жақсылап оқыңыз. Мысалы, Оңтүстік Кореяның кәрістеріне тұрмысқа шықсаңыз, неке бұзу кезінде бір заңы бар. Егер отбасында бала болса, ол бала әкесімен қалады. Сен онымен ажырасып, баланы Қазақстанға алып кете алмайсың. Олар балаларын бермейді. Сондықтан басқа елде жүрген соң сол елдің заңына көнесің. Ондай жағдай көп, сол үшін сақ болыңыздар деп айтқым келеді", – дейді қазақ қызы. 

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау