Министр Сапархан Омаров қызметінен босатылды
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрін қызметінен босатты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Сапархан Омаров
"Мемлекет басшысының жарлығымен Сапархан Кесікбайұлы Омаров Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан босатылды", – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі қажеттігін айтты.
"Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен, бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді", – деді президент.
Қазақстанда 1975 жылғы жағдай қайталанып жатыр: Құрғақшылық апатын қалай алдын алуға болады?