"Әкімдердің әрекеті дұрыс емес": Оқу-ағарту министрі мұғалімдерді жайына қалдыруды сұрады

Фото: kasheloff.ru
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді білім беру процесіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға болмайтынын еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тілшілер министрден Қостанайдағы жағдайға қатысты сұрады. Онда қала әкімі Марат Жүндүбаев мұғалімдерді рұқсат етілмеген жағажайларды патрульдеуге тартуды тапсырған.
"Мен бұған дейін де бірнеше рет мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тартуға болмайтынын айттым. Бұл — заңмен тыйым салынған. Сондықтан әкімнің бұл бағыттағы әрекеті мүлдем дұрыс емес, жол беруге болмайды деп санаймын. Биыл Семейде де осындай жағдай қайталанды, педагогтарды басқа жұмысқа тарту салдарынан мұғалімнен айырылып қала жаздадық. Сондықтан әкімдерге мұндай тәжірибеден бас тартуға кеңес беремін, мұғалімдерімізді жайына қалдырсын. Мұғалімдер білім сапасын арттырумен айналысуы керек, басқа істермен емес", — деді Ғани Бейсембаев Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Министр бұл іспен айналысатын басқа қызметкерлер бар екенін айтты. Ал жазғы лагерьлердегі қосымша жұмыс — әр мұғалімнің жеке таңдауы.
"Егер мұғалім өз еркімен педагогикалық бағыттағы қосымша жұмыс жасағысы келсе, меніңше, бұл — керісінше, жақсы. Егер мұғалім өзі қаласа, жазғы сауықтыру лагерінде жұмысын жалғастыруы — бұл адамгершілік тұрғысынан да құптарлық. Бірақ бұл тек мұғалімнің қалауымен және ерікті түрде болуы тиіс. Бірақ жаз мезгілінде мұғалімдерге көбірек демалуға кеңес беремін", — деп жауап берді министр.
Оның айтуынша, мұғалімдерді жұмысқа тарту деректері анықталса министрлік облыстық білім басқармаларына ресми талап жолдайды. Ал бұл мәселені Білім сапасын қамтамасыз ету департаменті бақылауда ұстайды.
"Біз жазалаушы орган емеспіз. Бірақ заң бұзылса, жауапкершілік бар. Ол біз арқылы емес, бірақ заңда қарастырылған", – деді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда министрліктің тыйымына қарамастан мұғалімдерді жағажайға кезекшілікке шығарып жатқаны айтылған еді. Қала әкімі Марат Жүндібаев су айдындарын тексеріп кезекшілікке шығуға педагогтарды тартуды ұсынған. Бұл шешім суға батқан оқушының қайғылы қазасынан кейін пайда болған. Алайда Білім басқармасы мұғалімдердің жағажайға кезекшілікке шығуға міндетті емес екенін бірден айтқан.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік