Әйелі 12-ші көлігін мінген медициналық сақтандыру қоры басшысының жалақысы қанша? Министр жауап берді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жалақысы туралы cұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшысының жалақысы қанша және қордағы келесі қаржылық тексеру қашан болады? Айбатыр Жұмағұловтың жұмысына көңіліңіз тола ма?" - деп сұрады журналистер министрден онлайн-брифинг барысында.
"Аудиторлық тексерулер жыл сайын өткізіліп, денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады. Еңбек ақысына немесе қордың жұмысына келетін болсақ, біз жұмысқа кірісіп кеттік, қазір барлық материалдарды зерттеп, зерделейміз, қаржылық көрсеткіштерді, қордың қызметін, стратегиялық бағыттарды қарастырамыз", - деп жауап берді Алексей Цой.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі атап өткендей, қазір барлық күш коронавируспен күреске бағытталған.
"Жақын арада біз бәрін міндетті түрде зерттейміз. Біздің әріптестеріміз тәулік бойы жұмыс істейді, 3-4 сағат қана ұйықтаймыз. Біздің негізгі міндетіміз - дәрі-дәрмектерді жеткізуге, желілерді дұрыс қамтамасыз етуге баса назар аудару, бірақ қордың жұмысын зерттеп, бақылауға аламыз", - деді Цой.
Еске сала кетейік, Айбатыр Жұмағұловтың жары Гүлбаршын Заированың желіде күйеуі жаңадан сыйлаған он екінші автокөлігімен мақтанғаны көпшілікке жақпай қалды.