Қытайлық көліктерді қаптатты: Министр Аида Балаева Азамат Сатыбалды басқаратын "Қазақфильм" дауына пікір білдірді
Әлеуметтік желіде Шәкен Айманов атындағы киностудияның аумағында соңғы күндері қытайлық көліктер қаптағаны туралы ақпарат тарады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы жағдайға байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Министрдің facebook парақшасынан алынды
"Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растаған болатын.
“Қазақфильм" айналасында болып жатқан мәселелер жайында айта кеткім келеді. Шынында да, қазір біз айналысып жатқан жүйелі мәселелер бар. Осыған байланысты ұйымдастыру және заңнамалық шаралар қабылданатын болады. Аты аңызға айналған "Қазақфильмнің" бұрынғы даңқы көп ұзамай оралатынына сенімдімін. Алдағы уақытта сапалы фильмдер түсіріп, көрерменді қуанта береді деп ойлаймыз”, – деп жазды министр Facebook парақшасына.
Еске сала кетейік, Актер Қуандық Дүйсенбаев желіде Шәкен Айманов атындағы киностудияның аумағында соңғы күндері қытайлық көліктер қаптағанын айтып, наразылық білдірген болатын.
Ал "Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растап, "Ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі" деп түсіндірген. Айтуынша, киностудияның бюджеті тапшы екенін мойындап, 178 адамға жалақы тауып беру үшін осындай қадамға барғанын айтып ақталды.
Еске салайық, Азамат Сатыбалдыны әріптесі Меруерт Түсіпбаева сынағанын жазған болатынбыз.