Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Миллиардтар ұрланып жатыр": Депутат Әбенов министрден МӘМС жүйесіндегі тәртіпті қалпына келтіруді талап етті

Фото: tvgmu.ru

Медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған түзетулерді талқылау барысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің ашықтығына күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ретке келтіру керегін айтты. 

"Өзі тексереді, қаржыны өзі бөледі, келісім-шарттарды өзі жасайды және тәртіп бұзушыларға қандай шара қолдану керегін соңында өзі шешеді. Сайып келгенде, көптеген мәселелер мен заң бұзушылықтар министрлік пен қоғамның көзқарасынан тыс қалып отыр. Егер Жоғары аудиторлық палатасы болмаса,  миллиардтаған ақшаның ұрланып жатқанын білмей де қалар едік", – деді Әбенов.



Депутат әріптесі Бақытжан Базарбектің де сөзін еске алды.

"Жақында ол екі цифрды атады. Бірі, Астанадағы бір емхана орындамауы тиіс қызметтері үшін 199 миллион теңге артық алған. Ал екінші емхана 218 миллион теңге алған. Оларға жеңіл шара қабылданды. Ал алған ақшасын әлі қайтармаған, өздерінде қалдырған. Басқа салада бұл ұрлық әрі қылмыстық құқық бұзушылық саналады. Неліктен олардың шоты жабылмады? Бұл емханалар неге әлі қызметін жалғастырып жатыр? Керісінше, біздің әріптесімізге қоғам тарапынан қысым жасалып жатыр екен. Кеше бұл жерде министрліктің қатысы жоқ деп жауап бердіңіз. Неліктен істі осы уақытқа дейін құқық қорғау органдарына бермедіңіз? Құжаттарға қол қойып, қаржыны қайтару үшін ештеңе жасамаған міндетті медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшысы жай ғана қызметінен кетті. Неге оларды жауапқа тартпайсыз? 12 тәртіптік бұзушылық бар екен. Бірақ бұл дұрыс емес! Әрі қарай не істемексіз?" – деді депутат. 

Бұған жауап ретінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұрмалаудың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

“Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарына келсек, негізсіз бөлінген қаражатты өтеу кестесі қойылды. Ұйымдар тарапынан қаражат ішінара өтеледі. Аудиторлық палата ұсынымы бойынша 1390 медициналық ұйымның жұмысына мониторинг жүргізілді. Оның ішінде медициналық бақылау комитетіне заңсыздық анықталған 160-қа жуық ұйымның үстінен лицензиясын қайтарып алу сияқты шаралар қабылдау үшін жолданды”, – деді министр. 

Министр биыл 1 шілдеден бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз жұмысын қайта құрылымдайтынын айтты. 

"Ақауларды анықтаудың автоматтандырылған жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл медициналық қызметке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі. Ол мониторинг арқылы медициналық қызметтерді қазіргі 0,9 пайыздық қамтуды 100 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қор және медициналық ұйымдар тарапынан бақылауға ықпал етеді”, – деді Әлназарова.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасы талқыланып жатқан кезде депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын өткір сынға алғаны туралы жазған едік. 

Айта кетейік, депутат қордың бұрынғы басшысының аты-жөнін жарияламады. Қор төрағасы қызметін қазір сәуір айының басында тағайындалған Айдын Құлсейітов атқарып отыр. Оның алдында қорды Әбілқайыр Сқақов басқарды. Ол қаңтар айында бұл қызметтен өз еркімен кеткен. Сқақов ұйымды 2023 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 16:02
Талқылау