Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миына қан кетіп, ісіне бастаған: Теміртауда 15 жасар бала қосымша табыс табамын деп, екінші қабаттан құлап кетті

Қарағанды облысында жасөспірім қосымша табыс табамын деп құрылыс алаңының екінші қабатынан құлап кеткен. Ал жұмыс беруші оқиға болған жерді жасыруға тырысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Немолчиkz парақшасында теміртаулық бала туралы жазба жарияланды. Ұланның еміне қыруар қаржы қажет. Жасөспірім қазір ұзақ медициналық емдеуден өтіп жатқан көрінеді. 

"01.04.2005 жылы туылған Ұлан есімді ұлым қосымша қаржы табу мақсатында Теміртау қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінде құрылысшы болып жұмысқа кірген. Жұмыс берушілер күніне 4 мың теңге береміз деп уәде еткен. 2020 жылдың 12 қазанында Ұлан құрылыс компаниясының бас механигі Ермұханның тапсырмасы бойынша "A TODA COSTA-STROY" ЖШС құрылыс алаңдарында құрылыс қалдықтарын жинап, құрылысы аяқталмаған үйдің 2-қабатынан құлап түсті. Құлау нәтижесінде миына қан кетіп, ісіне бастаған", - деп жазды олар.

Бұл кезде жұмыс беруші жедел жәрдем шақырып, баланың анасына хабарласып, алғашқы көмекке жүгінудің орнына мұрнынан аққан қанды байқатпау үшін оны орнынан тұрғызып, жандарынан өтіп бара жатқан адам екеуін көлікке отырғызып, көлікте қан іздерін қалдырмаңдар деп, ауруханаға жіберген. 

"Жұмыс беруші оған машинаға қан дағын түсірмеуді бұйырып, басын шалқайтып жатқызады. Ұлан сол сәтте үмітсіздіктен баскиімімен қанды сүрткен. Жұмыс беруші "Егер біреу біліп қойса, жақсылық күтпеңдер" деп қорқытады. Артынша баламды Теміртау қаласындағы ауруханаға жеткізеді", - дейді Ұланның анасы. 

Ауруханаға жеткенде ғана ұлы анасына хабар берген. Анасы осы сәтте ғана ұлының басқа балалармен құрылыс жұмыстарына араласқанын біледі. Өкінішке орай, Теміртау қаласының дәрігерлері балаға ешнәрсе жасай алмай, оны Қарағандыға жеткізді. Тек сол жерде ғана алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, краниотомия жасайды.

Қазіргі таңда Ұлан ұзақ уақыттық емдеуден өтіп жатыр. Оның ата-анасы көмек сұрайды. Ұланның еміне біршама қаражат қажет көрінеді. Барлық медициналық көмек ақылы түрде жасалған. Алдағы уақытта да медициналық көмек қажет болғандықтан, қаражат мәселесі жасөспірімнің ата-анасын қинап отыр. 

Оқиғаға қатысты Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді. 

"18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда балаға мамандарды қабылдау кестесіне сәйкес барлық қажетті тексерулер ұсынылды, алайда баланың анасы қабылдау күнін күтпей-ақ, жеке тексеруден өтті. Деректер медициналық ақпараттық жүйелердегі жазбалармен расталады. Қазіргі уақытта бала диспансерлік есепте тұр. Баланың бұдан кейінге жағдайы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы директорының бақылауына тапсырылды", - деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Оқиға болған күні-ақ тергеу амалдары басталып, құрылыс алаңында жарақат алу фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

"Баланы құрылыс алаңында жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс апат болған күні тіркелді. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Іс Теміртау қаласының басшылығының бақылауында", - дейді Қарағанды ​​облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Талқылау