Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Метапневмовирустың өршуі: Қазақстанда карантин шектеулері қайта енгізіле ме

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев метапневмовирус инфекциясының өршуіне байланысты брифингте пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 Фото: pixabay.com

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің білім беру жүйесі әртүрлі сынақтарға жоғары дайындықты көрсетіп отырғанын атап өтті.

"Бұл – коронавирус пандемиясы кезінде жинақталған тәжірибе. Сондықтан барлық колледж бен мектептер осындай жағдайларға дайындық үшін қажеттің бәрімен толық қамтамасыз етілген. Бірақ қазіргі бұл мәселеде денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күту керек деп ойлаймын", – деп жауап берді Ғани Бейсембаев.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова таяуда денсаулық сақтау министрлігі осы мәселе бойынша өз пікірін білдіргенін еске салды.

"Денсаулық сақтау министрлігі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сұраныс жолдады. Біз тек өзімізге емес, басқа елдерге де арналған жауап алдық. Ұйым бұл вирус ондаған жылдар бойы елдерде бар екенін және дүрбелеңге түспеу керек екенін мәлімдеді. Алдын алу шараларын жүргізу маңызды. Біз осы ұсынымдарды басшылыққа аламыз. Жалпы ұйым атап өткендей, сырқаттанушылықтың өсуі – қалыпты жағдай. Бұл біз бірлесе еңсеруіміз керек кезең", – деп атап өтті ол.



Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйіне барған кезінде жұртты алаңдатып отырған метапневмовируске байланысты ойын айтқан еді. Оның айтуынша, қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Тоқаев мұны даңғаза жасаудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Керісінше, Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек деді президент.

Талқылау