Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мешіттер мен кинотеатрлар қайта ашылады: Алматы облысы бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты

Алматы облысында карантин және кейбір шектеу шаралары туралы жаңа қаулының талаптары енгізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өңірдің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа қаулыға сәйкес, өңірде діни нысандарда шіркеулерде жамағатпен ғибадат етуге және мешіттерде намаз оқуға рұқсат етілді. Алайда санитарлық нормаларды сақтай отырып, залдардың толтырылуы 30%-ға дейін, 50 адамнан аспауы керек. Сонымен қатар, жұма намазы да ерекше жағдайлар тізіміне кіреді.

Өңірдегі кинотеатрлар да қызметін 30%-дан аспайтын көлемде және маскалық режимді, шахматтық отыруды, әлеуметтік қашықтық пен санитарлық талаптарды сақтай отырып қайта бастайды.

Сондай-ақ, қысқы туризм және ашық ауада демалу нысандары (мұз айдындары, шана-балонды қар төбешіктері және т.б.) өз жұмысын бастайды.

"Жаппай жаңа жылдық балмаскарадтарға, ертеңгіліктер мен мерекелерге тыйым салынған. Қоғамдық тамақтану объектілері жұмыс күндері 07:00-ден 00:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 07:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда объектілерінің жұмысы 10:00-ден 22:00-ге дейін жүзеге асырылады. Демалыс және мереке күндері сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейді", - деді Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов.

Ведомство мәліметінше, соңғы аптада КВИ ауруы 100 мың адамға шаққанда 10,4 жағдайды, R саны – 1,09 құрады.

Талқылау