Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мешіт әдебі туралы не білеміз

Кез келген орын мен ортаның өзіне ғана тән мәдениеті мен әдебі, белгілі бір сақталуы тиіс ережелері болады. Театр классикалық, жаттығу залы спорт киімін, сән әлемі ешкімге ұқсамайтын ерекшелікті құп көрсе, мешіттің де адамның ниетінен бөлек, сыртқы келбетіне қояр талабы бар. Бұл туралы толығырақ Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Әзірет Сұлтан мешіті

Сурет: Александр Бойко (https://fotokto.ru/photo/view/5437683.html)

Имам мешітке ерлі-зайыптылардың бірге келуіне рұқсат екенін айтады. Алайда олар мешіт табалдырығын аттағаннан кейін бөлек-бөлек залға кіреді. 

«Мешіттің ішінде әйелдер мен ерлерге арналған орын бөлек болады. Егер олар Алла үйіне намаз оқу үшін келген болса, онда әрқайсысы өздері баруы тиіс залға кіреді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітінде ер адамдардың намазханасы екінші, ал әйел адамдардікі үшінші қабатта орналасқан. Сондай-ақ, бізде құлшылық ету үшін емес, турист ретінде келгендер үшін де арналған орын бар. Ерлі-зайыптылар сол жерде бірге жүріп, мешітті тамашалай алады», - дейді наиб имам. 

Ерлер мен әйелдер мешітке ашық-шашық киімде келсе, не істеуі керек?

Әрі қарай ол мешітке кірген кезде ер мен әйелдің киіміне қатысты шариғат үкімі бар екеніне тоқталды. Шариғат бойынша ер адамның киім үлгісі – тізе мен кіндіктің арасы. Яғни әуретті жері жабық болуы тиіс. Алайда ер адам мешітке келгенде үстінде футболкасы және бұтында ұзын шалбары болуы тиіс. Ал қысқа шорты киіп келгендерге мешіт ішінде халаттар беріледі. 
Мешіт әдебіне сай әйел адамдар білегі мен тобығына дейін жауып тұратын киім киіп, орамал тағуы керек. Сондай-ақ, бұл айтылғандар балиғат жасына толып үлгерген жасөспірімдер мен өзге дін, ұлт өкілдеріне де қатысты. 

«Мешіт құлшылық жасауға арналған орын. Ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға ғибадат етіп, парыз етілген үкімдерді орындау. Бұл - қоғамдағы барлық мәселенің шешімін тауып, елдегі бірлік пен ынтымақтастықтың сақталуына тікелей себепші болатын орын. Адамның туғаннан бастап дүниеден өткенге дейінгі рәсімдерінің барлығы дерлік осы жерде жасалады. Бүгінде мешіт діни оқу-ағарту мәдениетінің, білімінің ошақтарына айналды. Мысалы, бір Әзірет Сұлтан мешітінің өзінде бір мезгілде 600-ге жуық ер мен әйел адам білімін шыңдайды. Олар осы сауат ашу курстарында түрлі отбасылық шешімін таппаған сұраққа жауап алады. Арасында психологиялық та кеңестер беріледі», - дейді Бақытжан Өткелбаев.

Мешіт қызметкері өзге дін өкілдері мен ұлт өкілдеріне мешітке кіруге ешқандай да тыйым салынбағанын айтады. Әзірет Сұлтан мешіті ашылғалы бір минутқа да жабылып көрмеген екен. Күні-түні алыс-жақын елдерден келген туристер, елшілер және т.б.-лар емін-еркін кіре алады. Мұнымен қатар, имам мешітке келушілердің жасына байланысты қандай да бір шектеу жоқ екеніне тоқталды. Алайда балиғат жасқа толмаған балалар намаз кезінде шулап кететіндіктен, олардың үйде қалғаны абзал. Десе де балалардың ересектермен бірге Алла үйіне келуге ниет білдіретініне қуанышты екенін жасырмады. Осы орайда наиб имам мешітте балаларға арнап арнайы сабақтар беріліп, жазда лагерьлер ұйымдастырылып жүргенін айтты. 

«Нұр сүресінің 31-аятында «Мүмін әйелдерге де айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа. (Беті, қол-аяқтары. Ж.Б.М.К.) Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар” деп келтірілген», - деп Бақытжан Өткелбаев осы аятты көптің біле жүргені абзал екенін айтты. 

Мешітке кіріп ұйықтауға рұқсат жоқ

Бұрын-соңды мешітте ұйықтауға рұқсат берілсе де, бүгінде мұны құп көрмейді. Ертеректе мешіт жолаушылардың қонып, тамақтанып, әл жинап алуына рұқсат беретін. Орта ғасырлар артта қалғандықтан, бүгінде мұндай рұқсат жоқ. Оның үстіне қазір көлік ретінде төрт түлікті емес, ұшақты немесе автомобильдерді қолданады. 

Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, мешітке қонған адам айналасын ластайды. Ал бұл өз кезегінде шетелден келген қонақтарға да, жергілікті ғибадат етушілерге де кері әсерін тигізеді. Алайда жолда қалған немесе үй-күйсіз қалған адамдарға бұл ереже бөлек – оларға мешіт рухани тұрғыдан да, қаржылай да көмек көрсетеді. 

Әйел әтір сеуіп бөтен ер адамдардың арасына барса, бұл зинамен тең

Соңғы кезде көп көтерілетін тақырыптардың бірі – әтір себу. Оны кімге және қай кезде қолдануға болатынын мешіт қызметкері түсіндірді. 

«Әтір себу – пайғамбарымыздың сүннеті. Себебі, ер азаматтар пияз, сарымсақ сынды жағымсыз иіс шығаратын тағамдарды жеп, кейін сол күйі мешітке келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде айналасындағылар үшін жайсыз. Ал әйел адамдар керісінше мешітте емес, өзінің күйеуінің алдында ғана әтір сеуіп, боянып жүргені абзал. 

Хадистерде әйел адам әтір сеуіп сыртқа шықса, бөтен ер адамдардың арасына барса, бұл – зина жасағанмен тең. Ол адам үйіне оралғанша Алла тағаланың қаһарына ілігеді деп жазылған. Әйел адам үйден шыққан кезде мүмкіндігінше көз тартпайтын киім кигені абзал. Алайда әйел адамдардың мешітке боянып-боянбай келуіне біз араласа алмаймыз. Өйткені біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Араласқанымыз аздап әбестеу болады», - дейді Бақытжан Өткелбаев.


Шариғат бойынша неке қию: Қандай жағдайда кімге шаңырақ көтеруге тыйым салынады

Сондай-ақ, мешіт қызметкері қатты сырқаттанып тұрғандарға, жұғатын ауруларға шалдыққандарға жұма намазға емес, ауруханаға барған абзал екенін айтты. Ал егер жеңіл-желпі жөтеліп жүрген болса, маскамен келуіне рұқсат.  

Аяқ киімді ұрлатып алмау үшін не істеу керек?

Бұдан өзге мешітке бағалы аяқ киім ұрлау үшін келетін теріс пиғылды адамдардың да болатынына тоқталды. Олармен күрес жүргізу мақсатында көп мешітке бейнебақылау орнатылып, арнайы күзетшілердің кіреберісте тұратынын бөлісті. Айтуынша, бұл күзетшілер күндіз-түні жұмыс істейді. Тіпті, болмаса аяқ киімді өзімен бірге дорбаға салып кіруге рұқсат. Тек ол дорбаның барынша таза болғаны жөн. Әсіресе қыс кезінде аяқ киімдегі қар еріп, мешіттің ішін ластамауы үшін. 

«Қайыр-садақаны кез келген уақытта беруге болады. Тіпті, хадистердің өзінде садақаны таң намазына дейін беру керектігі жазылады. Сол садақаны беруге асыққан сахабаларымыз болған. Садақаны мұқтаж жандарға ертерек берген абзал. Барша адамзатқа ұзақ ғұмыр тілейміз. Бірақ ажалдың қай кезде келетіні белгісіз. Оның үстіне Құранда «Қайырлы жақсылық жасап жарысыңдар, қайырлы іске асығыңдар» деп жазылған. Бізді қуантатыны – Рамазан айларында, қасиетті қадір түнінде немесе құрбан айттарда садақа беруді жергілікті халық үрдіске айналдырған», - деді имам. 

Әрі қарай ол азан айтылып бастаған соң, мешіттен себепсіз шығып кету әдепсіздікке жататынын айтады. Дәреттің бұзылуы, маңызды іс пен т.б. себеп болса, мұның ешқандай айыбы жоқ. 

Бақытжан Өткелбаев Алматы облысында өзгенің әйелін төсек қатынасына итермелеген бұрынғы діни қызметкердің жағдайы қайталанбауы үшін ер азаматтарға ер ұстаздың, әйел адамдарға әйел ұстаздың сабақ беретінін атап өтті. Мұнымен қатар, мешітке теріс ағым өкілдерінің де келіп-кетіп жүргенін жасырмайды. Олармен мүмкіндігінше сауаттандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Талқылау