"Мені тоқтатуларың қате ғой": Желіде Ақтөбе облысында аудан әкімінің орынбасары түсірілген видео тарады

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары түсірілген видео тарады. Жағдайға қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Не болды?
Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, қызметтік көліктің жүргізушісі полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған. Көлік тоқтатылған соң жүргізуші патрульдік автокөлікке отырудан дөрекі түрде бас тартқан.
Сол сәтте көліктегі жолаушы, яғни аудан әкімінің орынбасары болуы мүмкін ер адам да полиция әрекетіне наразылық білдірген.
“Мені тоқтатуларың қате ғой. Дамир, сенімен сосын сөйлесеміз. Қоқан-лоқы жасап тұрған жоқпын”, – дейді ол полицейге.
Полиция не дейді?
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл жағдай бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады. Мәліметке сәйкес, полицейлер түнде қызметтік көліктің дұрыс пайдаланылып жатқанын тексеру үшін көлікті тоқтатқан.
“Жүргізуші полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Видеоны тексеру барысында әкім орынбасары заң бұзғаны байқалмады”, – делінген жауапта.
Ал Ақтөбе облысы әкімдігі мемлекеттік қызметкердің кінәсі жоқ екенін айтқан.
Алайда шенеуніктің полицейге айтқан сөздеріне байланысты қызметтік тексеріс жүргізіле ме, бұл жөнінде әкімдік хабарламады.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте полицейге бағынбады деп сотталған автоблогердің ісі тоқтатылғаны туралы жазған едік.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз