Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денге қызбасынан тырысқаққа дейін: Қазақстандықтар шетелден елге қандай инфекциялар “алып келіп” жатқаны айтылды

вирус
Фото: depositphotos.com

Жыл басынан бері шетелден оралған алматылықтар арасында төрт жедел ішек инфекциясы және бір функционалдық диарея жағдайы тіркелді. Мамандар туристер көбіне қандай ауруларды шетелден алып келетінін және қай елдер қауіпті саналатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Таиланд пен Вьетнамнан кейінгі ішек инфекциялары

Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенованың айтуынша, ішек инфекциясы Вьетнамнан келген екі туристен және Таиландтан оралған үш адамнан анықталған. Науқастардың арасында бір жасөспірім және төрт ересек болған.

Науқастар Алматыда медициналық көмекке жүгінгеннен кейін диагноз қойылған.

“Үш адам ауруды қонақүйде экзотикалық тағамдар мен жемістер жегеннен және шомылу кезінде су жұтып қойғаннан көрген. Тағы екі адам ұшар алдында әуежайдағы фуд-корттан тамақтанғанын айтқан”, – деді Каткенова.

Маманның сөзінше, десе де Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып отыр.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында қалада жедел ішек инфекциясының 48 жағдайы тіркелген. Науқастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Сарапшылардың айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 21,1% төмендеген.

Қандай инфекциялар жиі тіркеледі

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Жайдаркүл Отарбекованың айтуынша, соңғы жылдары Алматыда шетелден қауіпті инфекция алып келу жағдайлары жиі тіркеліп жатыр. Мысалы, жыл сайын денге қызбасының үш-төрт жағдайы анықталады.

Денге қызбасы – оны жұқтырған масалардың шағуы арқылы таралатын вирустық инфекция.

“Көбіне бұл Таиланд, Вьетнам, Индонезия және Шри-Ланка сияқты жылы елдерден демалып келген адамдарда пайда болады. Бұл елдерде жұқтыру қаупі жоғары”, – деді Отарбекова.

Мамандар Үндістанда кең таралған тырысқақты да қауіпті инфекциялардың бірі ретінде атады.

Тырысқақ – Vibrio cholerae бактериясы тудыратын жедел ішек инфекциясы. Ол қатты іш өту мен ағзаның сусыздануына әкеледі.

“Бұл ауру Үндістаннан келген жолаушылар мен туристер арасында кездесуі мүмкін”, – деді сарапшы.

Туристерге қандай кеңес берілді

Мамандар туристерге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішуді ұсынады. Сонымен қатар судың сапасына сенім болмаса, мұз қоспауға кеңес берді.

Бұдан бөлек:

  • экзотикалық тағамдарды абайлап тұтыну;
  • тек жаңа әрі жақсы піскен тағамдарды таңдау;
  • жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуу;
  • сертификатталмаған орындардан тамақ сатып алмау;
  • шикі ет, балық және теңіз өнімдерінен бас тарту;
  • лас су айдындарында шомылмау және суды жұтып қоймау ұсынылды.

Хантавирус қаупі туралы не белгілі

Мамандар хантавирусқа қатысты жағдайға да тоқталды. Отарбекованың айтуынша, инфекция Алматыға ғана емес, Қазақстанның барлық өңіріне жетуі мүмкін.

Оның сөзінше, әуежайлар мен шекара бекеттерінде алдын алу шаралары жүргізіледі.

“"Барлық әуежайда кез келген вирустық инфекцияны ерте анықтауға арналған термобақылау құрылғылары орнатылған. Сондықтан инфекцияның елге келу қаупі болғанымен, індеттің таралуын елге кірген сәтте-ақ тоқтатуға болады”, – деді Жайдаркүл Отарбекова.

Сарапшы Алматыда жұқпалы ауруларға арналған стационарлар, оқшаулау бөлімдері және аса қауіпті инфекцияларға жедел әрекет ететін мамандар жұмыс істейтінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Хантавирус тіркелген круиздік лайнер Испанияның Тенерифе аралына жеткенін хабарлаған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 16:38