"Мені өлтіргісі келді": Автобуста ер адамның бұрынғы әйеліне не себепті пышақ ала жүгіргені белгілі болды
Алматыда 27 жастағы әйелге бұрынғы күйеуі шабуыл жасап, бірнеше пышақ жарақатын салған болатын. Ер адам 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Экспресс К порталына сілтеме жасап.
Оқиға 31 шілде күні кешке орын алып, видеоға түсірілген. Кадрлерден бұрынғы жұбайлардың бір-бірімен сөзге келіп жатқанын, артынан ер адамның оған пышақ ала жүгіргенін көруге болады. Алайда жолаушылардың бірі араша түсіп оның өмірін сақтап қалды.
“Ол мені өлтіргісі келді! Мен одан қорқамын! Сол күні мен учаскелік полиция қызметкеріне телефон шалып, менімен сөйлесуге тыйым салуын тағы да сұрадым. Оларға мені аңдып жүрген күйеуімнің фотосын жіберіп, өміріме араша түсуін өтіндім”, – дейді ол.
Алайда келіншектің бұл арызынан ешқандай нәтиже шықпаған. Аңдуын тоқтатпаған азамат ақырында автобусқа кіріп, әйеліне бірнеше рет пышақ ұрады.
"Екеуіміз 8 жыл бірге тұрдық. Ол қайтадан татуласуымызды қалайды. Ортада екі баламыз бар. Ажырассақ та, ол менің артымнан қалар емес. Автобуста пышақты қалай шығарғанын көрдім. Ол маған бірнеше рет сұғып үлгерді. Бірақ сол сәтте жолаушылардың бірі шапшаң қимылдап, оны тоқтатты. Сол бейтаныс жігіт болмағанда, қазір бұлай сөйлесіп отырмаушы едім", — дейді келіншек.
Сондай-ақ ол оқиғадан кейін күйеуінің өзіне “Кешір” деп жазғанын, ал ата-анасының жазған арызын қайтарып алуын сұрап жатқанын айтады.
“Не үшін бұлай дейтіндерін түсінбеймін. Мүмкін, келесі жолы бастаған ісін соңына дейін жеткізуін қалайтын шығар”, – деп ашуланды әйел.
Ер адамның мұндай іске баруына қызғаныш себеп болған көрінеді.
“Менің қазір ешкімім жоқ. Егер оған басқа адамға тұрмысқа шығамын деп айтсам, қыр соңымнан қалады деп ойладым. Осы сөз аузымнан шыққаны сол еді, ол маған пышағын ала жүгірді. Бүгін мені құтқарған жігітке рахмет айту үшін оның нөмірін білгім келіп, полицияға бардым. Енді куәгер ретінде автобус жүргізушісі мен сол жігітті шақырмақпын. Бұрынғы күйеуімнің қалайда жазаланғанын қалаймын. Ол мені өлтіру үшін осындай әрекетке барды”, – дейді жәбірленуші.
27 жастағы жәбірленуші полицияға арыз түсірген. Ол өзіне қастандық жасаған бұрынғы күйеуі тек 15 тәулікпен құтылып кете ме деп алаңдап отыр. Бұған дейін Алматыда ер адам бұрынғы әйелін өлтірмек болып, пышақпен шабуыл жасаған. Жаға ұстатарлық видео әлеуметтік желіде жарияланғанын жазған болатынбыз.