Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мені Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың алғыс (фото, видео)

«Қазақстан» концерт залына келген халықтың санында шек болмады. Барлығы әлемді мойындатқан әнші Димаш Құдайбергенді көруге асықты. Ғимаратқа алдымен шақыру билеттері бар көрермендерді кіргізді, деп хабарлайды Қазақпарат.

20170425211242

Алайда сыртта қалған халық та ішке лап беріп, күзетшілерге қарамай, залға кіріп кетті. Сөйтіп, «Әлем таныған Димаш» атты мерекелік шарада ине шаншар жер табылмады.Салтанатты шараның басында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаштың ата-әжесіне шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал ақын Жансая Мусина әншіге өз арнауын жолдады.

20170425211225

Шара барысында Димаштың шығармашылық жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, «I am Singer» байқауындағы жетістіктеріне тағы бір мәрте шолу жасалды. Димаштың әкесі – Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаштың алғашқы айтқан әні «Ақтөбе» шығармасы болатын. Бүгінгі концертте сол ән орындалмаса да, Димаш әке-шешесімен бірге «Асыл анашым» әнін айтып берді.

«Туған жерімнің ыстық ықыласын сезіну өте маңызды екеніне көзім жетті. Осы орайда барша әлемге, барша тыңдармандарыма, қазіргі өнерімнің танылуыма ерекше септігін тигізген, мені үлкен сахнаның төріне шығарған, Димаш Құдайберген еткен қазақ халқыма мың да бір тағзым етемін», – деді әнші өзінің бір сөзінде.

20170425214740

Концерт кезінде әнші Ұшқын Жамалбек Димаш Құдайбергенге арнап жазылған әнді шырқап берді. Димаш оған да, өзімен бірге Қытайда болған жан жолдасы Алпамыс Шерімовке де өз алғысын білдірді. Әрине, оған дейін өзінің Миуа әжесі мен Құдайберген атасына, Света анасына, Қанат әкесіне, барша ұстаздарына, тіпті өзінің курстас достарына шын ризашылығын жеткізді.

Шараның соңында Димаш «I am Singer» байқауында орындаған «Дайдидау» әнін орындап берді. Басында домбырамен күй шертемін деп, бір-екі рет жаңылысып кетсе де, әзіл айтып, халықтың көңілін көтерді.Сосын микрофонын алып, әлемге танылған «Дайдидауды» шырқады. Осы әннен кейін халықтың қошеметі толастамады. Оған көңілі босаған Димаш тағы бір әнді орындады. Ол да «I am Singer» байқауында шырқалған ән, жаңа ән – «Махаббат бер».
Ал, журналистерге сұхбат берген Димаштың продюсері әрі досы Алпамыс Шерімов әншінің алдағы жоспарлары жайында айтып берді. «Алда үлкен жоспарлар бар. Қазір ол Қытай елін таңқалдырып жатыр. Алдағы уақытта Еуропаның ең танымал бір бағдарламасы бар, оны әзірше құпия түрде сақтай тұрайын. Сол бағдарламасында Димаш құрметті қонақ ретінде әлемнің танымал әншілерімен бірге өнер көрсететін болады. Келесі айдың бас жағында», – деді Шерімов. Оның айтуынша, қазіргі кезде бір келісімнің мерзімі аяқталған жоқ. Бірақ нақты қай келісім екенін ашық айтпады. Сол құжаттың мерзімі аяқталған соң, Димаш бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесіп, кеңінен әңгімелесе алады.

Тағы да оқыңыз:

Димашқа астаналық жанкүйерлері ерекше құрмет көрсетті (фото, видео)

“Қыз Жібек” ариясын орындаған Салтанат Бақаева тыңдармандарын таңдай қақтырды (видео)

Өзіне пластикалық ота жасатқан қазақстандық блогер жұртты шулатты (фото, видео)

Тәуекел Мүсілім: Қазақ қыздарын шетелдіктерге беріп қойған өзіміз кінәліміз

Талқылау