"Менімен не орыс тілінде сөйлесесің, не мүлде сөйлеспейсің": Қазақстандық дрифт турнирінің жетекшісі сынның астында қалды
Gorilla Drift Championship турнирінің негізін қалаушы Артем Чекменевтың видеосы желіде тарады. Кадрлардан Чекменевтің өзінен сұхбат алғалы тұрған адамға дөрекі сөйлегенін және қазақ тілінен сөйлеуден бас тартқаны туралы аңғаруға болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі турнир жетекшісіне хабарласып, мән-жайды сұрап білді.
Фото видеодан скриншот жасалған
"Мен түсінетін тілде сөйлесесіз немесе мүлдем сөйлеспейсіз. "Ей", деп әйеліңе айтасың. Орысша түсінбейсіңбей тұрсың ғой, бауырым?", – деді ол.
Чекменовтың қай жерде туғаны белгісіз. Ашық дереккөздерде оның шығу тегі туралы ақпарат жоқ.
Бейнеролик әлеуметтік желілерде дау тудырды, көптеген қолданушылар Чекменевтің дөрекіленген дауысы мен сөйлесу тонын сынап тастады.
"Мынау кісі қазақты, қазақ тілін қорлап тұр", "Жігіттердің сабырлығы мықты екен. Мен шыдамайтын едім", "Нацист, шовинист бассыздығында шек жоқ", "Тіл үйрену үшін ми керек!" – деп оқырмандар ашуын білдірді.
Редакция мән-жайды толығырақ білу үшін Артем Чекменовтің өзіне хабарласып көрді.
"Бұл жағдай бойынша келесі апта пресс-конференция өткіземіз. Сол кезде бәрін егжей-тегжейлі жеткіземін. Қазір ешнәрсе айта алмаймын. Тек айтарым, олар мені арандатқысы келді", – деп жауап берді Артем Чекменов.
Еске салайық, 2022 жылдың қазан айында әлеуметтік желілерде Chocofamily Holding негізін қалаушы Рамиль Мухоряповқа қатысты жанжал туындаған еді. Желіде Ресейден қоныс аударушылармен кездесудің видеосы тарап, Мухоряпов жиналған қауым алдында сөз сөйлеген. Рамиль Мухоряпов ресейліктерге оларды түсіне тұра қазақ тілінде жауап беру "біртүрлі және бұл ұлтшылдықтың белгісі" деп айтқан еді. Спикердің бұл пікірі желі қолданушыларының ашуын тудырды.
Таяуда “Ажырау. Қазақстандағы орыстандыру саясаты” деректі фильмі бір ай бұрын Youtube арнасына шыққан. Кинотеатрдағы жабық көрсетілімін ұйымдастыруға Choco Holding басшысы Рамиль Мухоряпов қолдау көрсеткен. Мухоряпов деректі фильм арқылы қазақ тілі мәселесінің маңызын тереңірек түсінгенін айтты. Оған қоса ол бұған дейін қазақ тілі туралы айтқан пікірі үшін тағы бір мәрте кешірім сұрады.