"Мемлекеттің беделіне нұқсан келді": Заңгер денсаулық сақтау министрлігі шетелдік компанияға үш жылдан бері ақы төлемегенін айтты
Заңгері әрі блогер Ержан Есімханов денсаулық сақтау министрлігінің франциялық Conseil Sante компаниясымен келісімшартқа отырып, қызметін пайдаланғаннан кейін ақысын төлемей кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңгер қазіргі таңда шетелдік компанияның мүддесін қорғап жүргенін айтты.
Conseil Sante – Францияның бүкіл әлем бойынша клиенттерге денсаулық сақтау жүйесін тиімді ету туралы кеңес беретін компаниясы.
Айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі бұл компанияны 2018 жылдың соңында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және алғашқы медициналық көмекті жақсарту бойынша кеңес алу үшін жалдады. 2019 жылдың соңына қарай барлық қызметтер аяқталып, қорытынды есептер берілген. Алайда ақшасы берілмеген,
“Жобаны Дүниежүзілік банк басқарды, ал онда министрліктің өкілдері сөз сөйледі, сондықтан француз тарапы ақысыз қаламыз деп қорықпады”, – деді ол.
Содан кейін денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен осы мәселе бойынша бірнеше кездесу ұйымдастырылған. Әр кездесуде олар есептерді сұрата бергенін айтады.
“Немқұрайлылық танытқандықтан, Францияның сауда палатасына жүгіндік. Сауда палатасы денсаулық сақтау министрімен кездесу туралы хат жіберді. Министр ірі компания директорының түйіндемесін сұрады. Содан соң Францияның Қазақстандағы елшілігіне, Қазақстанның Франциядағы елшілігіне хабарластық. Олар қаржы министрлігі мен әділет министрлігіне жазды. Бұл – Дүниежүзілік банктің келісімшарты, қарыз сомасы өте үлкен. Шетелдік БАҚ-тарда Қазақстан шетелдік компанияларды алдап соғатын ел ретінде танылады. Соны біле тұра олардың мемлекеттің беделін ойламай, нұқсан келтіргені қынжылтты”, – деді Есімханов.
Айтуынша, осыдан кейін франциялық компания Қазақстанмен енді жұмыс істемейміз және басқаларға да жоламасын деп ескертеміз деген.
Бұған денсаулық министрлігі жауап беріп, Дүниежүзілік банктің жобасы аясында 2018 жылы Conseil sante & SOFRECO компанияларының консорциумымен Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру бойынша консультациялық қызметтер көрсетуге екі келісімшарт жасасқанын растады.
Мәлімдеуінше, министрлік техникалық тапсырмаға сәйкес тұжырымдамалық ескертулер айтқан.
“Француз компаниясымен осы келісімшарттар бойынша келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу және консенсусқа қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Есептерді пысықтау және түзету мәселелерін талқылау үшін кездесулер өткізілді. Нақты ескертулер көрсетіле отырып, міндеттер талқыланды”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министр Ажар Ғиният компанияның қызметіне көңілі толмағанын айтты. Оның айтуынша, әлі де толықтырулар керек.
"Компания консалтингтік қызмет көрсетті. Бұл компанияның ұсынылған жұмыстары әлі де жетілдіруді қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі оның жұмысына қанағаттанған жоқ. Компания істі аяқтауы керек. Менің ойымша, консенсусқа келіп, министрлік пысықталған құжатты қарайды", – деді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ алдын ала төлем ретінде қаржының бір бөлігі берілгені айтылды. Жұмыс аяқталғанда, қалған сома төленеді деп мәлімдеді.