Мәжіліс мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заңды мақұлдады
Мәжіліс ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Екатерина Сычкова © URA.RU
Түзетулерге сәйкес қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады.
Олардың қатарында 21 жасқа толмаған азаматтар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген (6 айдан 10 жылға дейін), сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне сәйкес өтелмеген міндеттемелері бар тұлғалар кіреді.
“Бұл қатарда мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар. Олар тыйымды бұзғаны үшін жұмыстан босатылады”, – делінген хабарламада.
Заңды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына алғашқы үш санатқа рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген.
Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған.