Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік бағдарламамен пәтер әперуге уәде берген: Шымкентте әкімдіктің жалған қызметкерлері 140 миллион теңгені жымқырған

Шымкентте атышулы алаяқтық ісіне қатысы бар жалған әкімдік қызметкерлеріне қатысты үкім шықты. Әл-Фараби аудандық прокуратурасының мәліметінше, екі әйел 70-тен астам адамды алдап, 140 миллион теңгелерін алып кеткен. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі OTYRAR басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Олар өздерінің алаяқтық схемасын бір жылдан аса уақыт ұйымдастырып келген. Орта есеппен әрбір жәбірленуші сотталғандарға мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектескені үшін бір миллионнан екі миллион теңгеге дейін төлеген. Сот үкімімен Шымкент қаласының екі тұрғыны да алаяқ деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

“Олар бір-бір жарым жылдай жұмыс істеген. Өйткені қазірдің өзінде адамдар анықталып жатыр. Алаяқтар бір жылда немесе бір жарым жылда бәрін жасаймыз деп уәде береді. Ол уақыт өткеннен кейін адамдардың шыдамы таусылып, арыз жаза бастайды.

- Мына алаяқтар, Шымкенттің тұрғындары ма?

- Ия.

- Жәбірленушілер ше?

- Жәбірленушілер де Шымкенттің тұрғындары.

- Оларға ақшаларын қайтарып берді ме?

- Ақша қайтарылмаған, өйткені олар оны өз керегіне жұмсаған. Сот ақшаны айыпталушылардан өндіріп алады”, – дейді Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокуратурасының аға прокуроры Мұзафар Мүтәліпов.

Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мұндай алаяқтық схемалардың көп екенін айтады. Алаяқтар мемлекеттен тегін грант және белгіленген сомаға атаулы әлеуметтік көмек алып беруге уәде береді. Аудандық қадағалау органымен жыл басынан бері ұсталған 87 адамға қатысты 62 қылмыстық іс қаралған. Қылмыскер алаяқтардың арасында қайта-қайта қылмыс жасағандар көп, олардың көпшілігі жазасын өтеп үлгерген.



“Мысалы, алаяқ келіп, сіздің сеніміңізге кіріп, уәдені үйіп-төгеді. Сосын сіз көршіңізге немесе туысыңызға айтасыз. Олар тіпті келіп салынып жатқан үйлерді көрсетеді.

- Демек жәбірленушілер мен алаяқтардың арасында делдал бар ма?

- Ия.

- Ал ол делдалдар алаяқтық жайлы біле ме?

- Жоқ, олар білмейді.

- Бұл жайлы білмейтін делдалдар да жауапқа тартыла ма?

- Олар да жәбірленуші ретінде өтеді. Бастапқыда олар да ақшаларын берген, сөздерінше, оларға адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым үйді тезірек аласыңдар деп айтқан.

Талқылау