Мемлекетке қайтарылған қаржының бір бөлігі су тасқынының салдарын жоюға жұмсалды – Бас прокуратура
Бас прокуратура заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен арнайы комиссияның соңғы отырысының қорытындысы бойынша 24 миллиард теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды. Активтерді қайтару жөніндегі комитет Арнайы мемлекеттік қорды 2,2 миллиард теңгеге толықтырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аталған қаражат елдегі су тасқынының салдарын жоюға бағытталды.
Сондай-ақ бейінді Заңның мақсаттарына сәйкес келешекте өндірілетін қаражат та зардап шеккен өңірлердің әлеуметтік жобаларына бағытталатын болады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Абай атындағы университет ғимаратының бір бөлігі мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік.
1997 жылы Жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатқан. Сол жылы 62 000 теңгеге 26 сотық жер телімі де заңсыз сатылған.
Медеу ауданының прокуратурасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірді.
Сот шешімімен қадағалау органының талап арызы қанағаттандырылып, мүлік қайтарылды, шешім заңды күшіне енді.