Мемлекет Лондон Олимпиадасының қола жүлдегеріне 65 мың доллар төлейді
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Лондон-2012 Олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбаймен кездесті. Ол еркін күрес шеберін қола медалімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр Олимпиада ойындарында еркін күрестен чемпион атанған Артур Таймазов (Өзбекстан) пен күміс медаль иегері Давид Модзманашвилидің (Грузия) сынамасынан допинг анықталғанын атап өтті.
"Осыған байланысты олимпиада жүлделері қайта сарапқа салынып, нәтижесінде аса ауыр салмақта (+100кг) күрескен отандасымыз Дәулет Шабанбай қола жүлдеге ие болып отыр.
Дәулетке тиесілі Олимпиада жүлдесін күрес түрлерінен Белградта өткен Әлем чемпионатында Халықаралық күрес федерациясының басшысы (UWW) мен Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Ненад Лалович табыстады", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министрлік тарапынан Дәулет Шабанбайға 65 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындау туралы шешім қабылданды. Бұған дейін оған бесінші орын иеленгені үшін 10 мың доллар табысталған.