Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет кімдерді мектеп формасымен қамтамасыз етеді?

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балалары мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Десек те ата-аналар мектеп формасын аларда бірқатар қиындықтарға тап болуда. 

мектеп формасы

Stan.kz редакциясына оқырманымыздан сауал келіп түсті. Онда тұрғынның балаларына арналған мектеп формасын ала алмай жүргені айтылған. 

“Қазіргі таңда отбасым АӘК алады, екі баламыз мектепке барады. Мектеп формасын қалай алуға болатынын ешкім дұрыс түсіндірмейді. Әлеуметтік қорғау бөлімі білім беру бөліміне сілтейді. Ол жақтағылар мектепке өтініш беру керек дейді. Мектеп формасын алу механизмі қандай?” – деп жазады оқырман. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері тұрмысы төмен отбасыларға балаларын мектепке даярлауда көмек көрсетілетінін атап өтті. 

Әлеуметтік көмек 31 тамыздағы жағдай бойынша АӘК алатын отбасылардан шыққан балаларға тағайындалады. Ал АӘК алу үшін отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрауы керек. 

6 мен 18 жас аралығында кедей отбасылардан шыққан оқушыларға жылына бір рет мынадай көмек беріледі: 

- мектеп формасы немесе спорттық киім-кешек жиынтығы;

- мектепке арналған жазу құралдарының жиынтығы. 

Сонымен қатар, оларға мектептерде тегін ыстық ас беріліп, қоғамдық көліктерде ақысыз жүруге рұқсат етіледі.  

Мектеп формасы мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету оларды сатып алуға арналған сертификат тағайындау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Әлеуметтік көмек ретінде бөлінген сома әр аймақта әртүрлі есептеледі. 

Оқушыларды әлеуметтік пакетпен қамту білім беру органдарының құзыретінде. Ол үшін ата-аналар жергілікті тұратын ауданы бойынша тиісті органға жүгінуі қажет. 

Талқылау