Мәжіліс "Мас-медиа" туралы заң жобасын мақұлдады
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Масс-медиа туралы" заңды бірінші оқылымда мақұлдады.Заң жобасын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Балаева қолданыстағы заң бүгінгі ақпараттық саланың даму жылдамдығына ілесе алмай отырғанын айтты.
“Сондықтан да заманның өзі концептуалдық тұрғыдан мүлдем жаңа Заң қабылдауды талап етті. Бұдан бөлек, "Масс-медиа" ұғымы, онлайн-платформалардан басқа, барлық интернет-ресурстарды қамтып отыр. Ең бастысы заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби статусын көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешеді”, – дейді Балаева.
Министр аталған заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайтынын мәлімдеді.
“БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді. Заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгілейді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5-ке қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ тарапынан да жақсы баға алып үлгерді”, – деді министр өз баяндамасында.
Аида Балаева еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында өзіміздің ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылатынын жеткізді. Бұл норма жазалау принципінен бас тартып, керісінше осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асатынын айтты.
“Мемлекеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады.Журналистерді түрлі шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылады. Жалпы жоғарыда аталған әрбір жаңалықтың түбінде тиянақты сарап пен мұқият еңбек жатыр”, – деді Балаева.
Министрдің айтуынша, заң жобасы парламент қабырғасына кірген 5 айдың ішінде 20-дан астам отырыс өтіп, министрліктің, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа-сарапшылардың қатысуымен 200-ден аса толықтырулар енгізілген.