"Майқайың-алтын" кенішіндегі апат: Құтқарушылар автобус дөңгелегін тапты
Құтқарушылар Майқайыңдағы шұңқырға құлаған автобустың дөңгелегіне жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
"4 қаңтардан бері "Майқайың-алтын" АҚ тау-кен аумағында опырылған жерде іздеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Мен қазір оқиға орнындамын. Бүгін жұмыс барысында құтқарушылар автобус дөңгелегіне жете алды. Қазіргі уақытта бұл шұңқырға құлаған автобустың табылған ең үлкен бөлігі", - деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Құтқарушылар мінген автобусты іздеу жалғасуда. Шұңқыр түбінде шағын габаритті экскаватормен қатар гидравликалық балғасы бар екінші қосымша экскаватор жұмыс істейді. Оның көмегімен үлкен тастар ұсақталады.
Еске салайық, 4 қаңтар күні Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус 150 метр тереңдіктегі шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Мамандар апат болған орынды геосканермен белгілеп, техника жете алмайтын шұңқырды қолмен қазып жатқанын да хабарлаған едік.