"Шынтағы мен иығы қанжоса": Астанада денесі қараусыз қалған ғимараттан табылған оқушы қыздың туыстары полицияның әрекетсіздігіне шағымданды
Қыркүйек айының басында елорда мектептерінің бірінің жанындағы қараусыз қалған ғимаратта өлі күйінде табылған 14 жастағы қыздың Карина Александрюк деген әпкесі әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram.com/kim.karina
Бойжеткен желідегі жазбасында полицияның әрекетсіздігі туралы айтып, сіңлісінің өліміне қатысты тергеуге назар аударуды сұрайды. Оның айтуынша, ол бауырының өліміне қатысы болуы мүмкін адамдарды біледі.
"Менің атым Карина Спартаковна Александрюк. Барша қазақстандықтардан көмек сұрағым келеді! 10 қыркүйекте біздің отбасымызда үлкен қайғы болды – менің кішкентай сіңлім қайтыс болды. Оның денесі қараусыз қалған ғимараттан табылды. Қазір қылмыстық іс қозғалды, оның барысында полицияның әрекетсіздігі байқалады. Алғашқы күннен бастап Байқоңыр аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері сіңлімнің денесінен мүлдем дене жарақаттары немесе зорлық-зомбылық белгілері табылмағанын алға тартып келеді. Олар қолдарын бір сермеп қойып, отбасымды ақымақ көреді. Қызметкерлер "ертең сізге хабарласады" деп айтып, мұны кездейсоқтық деп санайды", – деді марқұмның әпкесі.
Ол өз көзімен сіңлісінің денесінде гематомаларды, шынтағы мен иығы қанжоса болғанын және ашық жараларды көргенін айтады.
"Бұл іске қатысы бар бір топ адамдарды және қазір жауап алынбаған куәгерлерді тауып, анықтадым", – деп астаналық тұрғын құқық қорғау органдарына шағымданды.
Сонымен қатар Карина басқа балалар үшін қорқатынын айтады.
"Менің отбасым қазір өте қиын жағдайда. Анам үйден шықпайды, тамақ ішпейді, ұйықтамайды. Көмек сұрап, полицияның әрекетсіздігін жанұшыра айтқым келеді! Мен басқа балалар үшін қорқамын! Қылмысты жазатайым оқиға деп санап, барлығын тежеуге жол бермей, осы істі соңына дейін жеткізуіңізді сұраймын. Көмек және жария етуді сұраймын. Мен Байқоңыр АІІБ қызметкерлерінің әрекетсіздігін айтып отырмын", – деді бойжеткен.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы №5 мектеп-гимназия жанындағы қаңырап қалған ғимараттан 14 жастағы оқушы қыздың мәйіті табылғанын жаздық. Әлеуметтік желіде мәйіт мектеп жанындағы қаңырап қалған ғимараттан табылды деп айтылған. Видеодан бір кездері балабақша болған ғимаратты көруге болады. Басылым авторы қараусыз қалған ғимараттың қоршаумен қоршалмағанын және кез келген адам ішке емін-еркін кіре алатынын хабарлайды. Полиция департаменті мәйіттің табылғаны туралы ақпаратты растады.