Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеке басым министр сөзіне сенбеймін": Алматылық таксист халыққа 42500 теңгені алуға көмектесіп жүр

Карантинге байланысты табысынан айрылған адамдарға президент жарлығымен 42 500 теңге тағайындалғалы бері жұқпалы инфекция жайына қалды. Алғашында жәрдемақыны қалай аларын білмеген халық заңсыз алғандар жазаға тартылатынын естіп, енді қылмыскер болып қалмаймын ба деп үрейленуде. Алматылық таксист Мәулен Алғазы өз инста-парақшасында 42 500 теңгенің төңірегіндегі түйіткілді сауалдарға жауап беріп, халыққа жөн көрсетіп жүр. Халық жәрдемақыға байланысты нені білуі керек Stan.kz тілшісі Мәулен Алғазыдан сұрап білді.

жәрдемақы

Алматының шеткі ауылында таксист болып жұмыс істеймін деген Мәулен Алғазы бұрын журналистика факультетін бітіріп, жұмыс істегенін айтады. Бірақ қазір ол саладан мүлде қол үзген, қоғамдық статусы бойынша Алматы қаласында ерікті болып жүр. Заңгерлікке байланысты ешқандай білімі жоқ екенін айтқан ол әлеуметтік желіде халыққа неге көмектесе бастағанына былай түсіндірді.  

"2-ші сәуір күні "сізге жәрдемақы тағайындалды" деген хабарлама келді. Басында қатты таңқалдық, өйткені мен бұған дейін мемлекеттен ешқандай көмек алған жоқпын. Оны көріп қуанышымды бөлісу үшін өз парақшама салдым. Содан оқырмандарымның арасында сұрақ көбейді. Шамам келгенше хабарламалардың бәріне жауап бердім. Менің бір түсінгенім, еліміз техникалық даму жағынан артта қалған. Оны мойындауымыз керек. Соның әсерінен Mail, БИН, IBAN деген не деп сұраған адамдар кездесті. Осыдан кейін техникалық ақпаратқа қанық болған соң, Egov-ты бұрыннан пайдаланып білетін азамат ретінде осының бәрін халыққа неге үйретпеске деген ойға келдім. Ең болмағанда, Egov порталына кіруге кілт ала алмай жүрген азаматтарға соны үйретейін деп ойладым", - дейді Мәулен Алғазы.



Халықтың бұлай абдырап қалуына себеп, президент берген тапсырманы үкімет мүшелері дұрыс түсіндіре алмаудан дейді. 

"Ең басты мәселе, президент тапсырма берді, еңбек министрі бұйрықты жазып шығарды, бірақ соны халыққа сауатты жеткізе алмады. Ресми ақпаратты елдің тілімен қарапайым, миға қонымды етіп жеткізе алмаған соң, ортада журналистер мен блогерлер кірісті. Өз әріптестерім ретінде журналистерді қаралағым келмейді, бірақ ақпаратты тарқатып, толық етіп жеткізу керек еді. Блогерлер де шала, шикі ақпаратты таратып жүр", - деген бұрынғы журналист түсіндіру жұмыстарының нашарлығын айтып күйінді. 

"Халық сұрағы көбейген соң инстаграмда мүмкіндіктердің шектеулігін ескеріп, телеграмнан арнайы канал аштық. Сол жерде жәрдемақыға қатысты сұрақтардың ең қарапайымынан бастап жауап беруге тырыстық. Әу баста жәрдемақы жұмысынан айрылған адамдар алады деп хабарлады. Бірақ оны халық түсінген жоқ және түсіндертін де адам болмады. Жұмыс істейтіні де, жұмыс істемейтіні де жаппай өтініш тапсырды", - дейді Мәулен Алғазы. 

Жәрдемақыны заңсыз алса миллиондап айыппұл төлейсің немесе қылмыстық жазаға тартыласың деген хабардан соң халық тағы дүрлікті. Бұған тағы да ақпаратты дұрыс жеткізбегеннен дейді Мәулен Алғазы.

"Білікті заңгерлермен сөйлестім. Осы жаңалықтан соң тағы да блогерлер халыққа ақпарат тарата бастады. Сол кезде халыққа кім сотталады, кім сотталмайды нақты түсіндіріп айтыңдар деп блогерлерге айттым. "42 500 туралы материал бізге хайп, кім бірінші ақпарат береді сол жақсы болды" деген ұстаным барын аңғару қиын емес. Барлық блогерлерге, ақпарат таратушы пабликтерге күйе жақпаймын, бірақ басым көпшілігі сайттарда шыққан ақпаратты алып, бір-екі сөйлемін өзгертіп бере салады", - дейді ол. 

"Сол кезде байқамай арыз беріп жәрдемақы алғандар да бар ғой. Соның бәрін ойланып, министрлікке хат жаздық. Жеке өзім Нариман Мұқышевқа қазақтілді оқырмандарға осы сұрақтарды түсіндіріп беріңізші деп сұрадым. Менің ойымша, ең үлкен қателіктің төркіні қазақтілді оқырманның орыстілді оқырманға қарағанда өте аз ақпарат алуында жатыр", - деген Мәулен Алғазы жазаланады дегенді естіген соң, заң бойынша алу керек адам да өз ақшасын қайтарып беріп жатқанын айтады. Шыққан бұйрықты нақты сен қайтарасың, сен қатармайсың деп түсіндіріп жатқан ешкім жоқ екеніне күйінеді. 

"Бүгінгі таңда брифингте еңбек министрі Фейсбукте жазған постын оқып бере салды. Өзгерген ештеңе жоқ. Енді осыны естіген инстадағы оқырман саны көп, танымал пабликтер өз парақшаларында бөлісіп ешкім жазаланбайды деген бір сөйлемін жұлып алып жариялап жіберді. Мұны естіген халық қолындағы ақшасын жаратып жібереді, ТЖ біткен соң қайтадан жауапкершілік күтіп тұрады. Рас жеке кәсіпкер тұлғаларға ешкім ештеңе істей алмайды. Шынымен де үкімет бұларды зерттеп, қанша табысы бар екенін дәлелдей алмайды. Ал қызметі барын пайдалана отырып, ақысыз еңбек демалысына шықпаса да қасақана немесе білместікпен өтініш беріп, жәрдемақыны алса және қайтармайтын болса, онда оған жауапкершілік көзделеді. Халық көп оқитын пабликтер осылай түсіндірмейді. Тек бір ғана сөйлемін алып, елге жариялайды", - дейді Мәулен Алғазы. 

Мәулен Алғазының айтуынша, президенттен жарлық дұрыс берілген, бірақ сол жарлықтың негізінде құрылған бұйрық шикі. Соның әсерінен халықтың әсерінен өте үлкен түсініспеушілік туып, халықтың президентімізге деген ренішін, сенімсіздігін тудырып отыр. Бұл жағдай президент абыройына нұқсан келтіретінін жеткізді.

"Жеке азамат ретінде өз парақшамда еңбек министрін отставкаға кетуін талап етіп, жазба қалдырдым. Бірақ бұны жалғыз мен емес, көптеген азамат сұрауда. Біразы министрді қазақша ойлайтын азамат деп қолдап жатыр. Дегенмен жеке басына қатысты симпатияға бола не үшін осындай жағдайға көзімізді жұмып қарауымыз керек", - деп кесіп айтты Мәулен Алғазы. 

"Министр жасап шыққан бұйрықтың шикі екенін саяси саналы тұлғалардың бәрі біліп отыр. Бірақ бұл жерде біздің мақсат барлығын жамандап министрді орнынан кетіру емес. Егер министр мен айтқан бір-екі қадамды жасаса, халық оны керісінше алақанына салып кетеді. Алайда мұндай қадамға барып жатқан жоқ. Брифингтің өзін қарасаңыз, бір сөзі екінші сөзіне сай келмейді", - деген Мәулен Алғазы халық білуі керек нақты үш нәрсені айтты.  

"Бірінші, халық кімге сенетінін өзі шешсін. Министрге, әлде блогер жоқ әлде өз санасына сенеді ма - өздері шешсін. Екінші, қазір өздерінің кім екенін анықтай алмай жатқан болса, алған ақшаны қайтаруға асықпау керек. Әлі уақыт бар. Оған дейін асықпай сабаңызға түсіп, ойланыңыз, әлеуметтік статусыңыз кім екенін анықтаңыз. Үшінші, президент Тоқаев халық алдында өз атынан "Кім де кім өз атынан жауапкершікті мойындап, ақшасын қайтартын болса мемлекет қылмыстық жазаға тартпайды" деген кепілдік беруі керек. Бұл сөзді министр де айтып жатыр. Бірақ министр әр брифингте әртүрлі нәрсе айтатындықтан мен жеке басым министр сөзіне сенбеймін. Кепілдік бұйрықта жазылатын болса сенер едім", - дейді ерікті.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау