Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Матчтан кейінгі жанжал үшін "Астана" клубының жаттықтырушысы 1 миллион теңгеден айыппұл төлейді

"Астана" футбол клубының жаттықтырушысы Григорий Бабаянға матчтан кейінгі әрекеті үшін 1 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

бабаян

Фото: prosports.kz

Қазақстан футбол федерациясының мәліметіне сәйкес, жанжал 30 қазанда "Астана" мен "Атырау" клубтарының арасындағы матчтан кейін болған. Ойында 3:2 есебімен астаналық клуб жеңіске жеткен. Алайда матч біткен соң дау туындап, жаттықтырушы Бабаян ойыншыға қол көтерген. 

Даудан кейін 1 қарашада "Астана" мен "Атырау" командалары арасындағы тәртіп бұзушылық Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитетінің отырысында қаралған.

"ҚФФ Этика кодексінің 10, 12, 13 тармақтарын бұзғаны үшін 48-тармақты негізге ала отырып "Астана" құрамасының жаттықтырушысы Бабаян Григорийді 2 матчқа ойыннан алшақтатып, 300 АЕК немесе 1 107 600 теңге айыппұл салынды. Ойыннан алшақтату мерзімі 2024 жылдың 31 қазанынан бастап есептеледі. Айыппұлды 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін төлеуі керек", – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар "Атырау" клубына 369 200 теңге айыппұл салынған. Ал клуб ойыншысы Barbosa Soares Mateus тәртіпке қайшы әрекеті үшін 200 АЕК немесе 738 400 теңге айыппұл төлейді. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда өткен даулы ойыннан кейін “Астана” және “Атырау” клубының футболшылары төбелес шығарғаны туралы хабарлаған едік. 

Назархан Уән
Жексенбі, 03 Қараша, 2024 17:47