Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәскеу Воронцова мен Тихонованың Путиннің қыздары екенін алғаш рет мойындады

Кремль Катерина Тихонова мен Мария Воронцованы Владимир Путиннің қыздары екенін ресми түрде алғаш рет мойындады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап. 

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге берген сұхбатында Кремль Путиннің қыздарына салынған санкцияға міндетті түрде жауап береді деп мәлімдеді.

Ресей басшысы бұған дейін эндокринолог Мария Воронцова және ғылыми менеджер Катерина Тихонова өзінің қыздары екенін растамаған, жоққа да шығармаған еді.

Жуырда АҚШ Ресейдің Украинаға агрессиясына байланысты ресейлік Сбербанк пен Альфа-Банкқа, сонымен бірге бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге және олардың отбасы мүшелеріне жаңа санкция салған. Шектеу қойылған адамдар арасында Путиннің қыздары да бар.

АҚШ әділет министрлігінің бастапқы тізімінде Путиннің қыздарының аты-жөні болмаған, кейін тізімде Воронцова мен Тихонованың аты-жөні пайда болды.

Воронцова – медицина ғылымының кандидаты, 2011 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің фундаменталды медицина факультетін "емдеу ісі" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылға дейін Балалар эндокринологиясы институтында ординатурадан өткен. 2021 жылы сәуірде ол жетекшілік ететін генетикалық зерттеуге билік 200 млрд-тан астам қаражат бөлетіні белгілі болды.

Тихонова "Иннопрактика" қорына жетекшілік етеді. 2021 жылы қарашада технологиялық инвестиция қорын тіркеу туралы өтініш берген. Қор стартаптарға инвестиция құюмен айналысады.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Путиннің қыздарына салынған санкцияның "символдық мәні бар", себебі Тихонова мен Воронцованың шетелдегі активтері туралы ақпарат белгісіз.

Талқылау