"Бетперде таққан 4 адам оқ атқан": Алматыдағы мейрамханалардың бірінде бір топ адам атыс шығарды
Журналист Михаил Козачков Алматыдағы тағымал мейрамханалардың бірінде атыс болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Telegram-арнасында оқиға куәгерлерінің хатын жариялады.
“Кеше Әл-Фараби мен Назарбаев көшелерінің қиылысындағы Сансет мейрамханасында түнгі 12:30-да атыс болды. Маска киген 4 адам келіп, Макаров тапаншасынан мекеме ішінде оқ атты. Бір адам ішінен, екіншісі аяғынан жарақат алды. 30-40 минутта ішкі істер департаментінің барлық құрылымы мен департамент басшысы келді. Бұл туралы БАҚ жазып жатқан жоқ, өзімізді қорғансыз сезінеміз. Қала орталығында келіп, атып кете алады. Оның үстінде олардың әлі ұсталған-ұсталмағанын да білмейміз”, – деп жазды оқырмандарының бірі.
Жазбаға қатысты пікір білдірген полиция департаменті Бұл деректің Бостандық аудандық полиция басқармасында тіркеліп, тергеліп жатқанын хабарлады.
“Қылмыс орнына қалалық ПД бастығы Арыстанғани Заппаров бастаған жедел-тергеу тобы барды. Қазіргі таңда аталған қылмысты ашуға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Қалған қатысушылар анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылатын болады”, – деп хабарлады полиция өкілдері.