Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халық базынасы, уәде және митинг: Қазақстанда партиялардың сайлау алды насихат жұмыстары қалай жүріп жатыр

19 наурызда елімізде парламент мәжілісі мен мәслихаттығының кезектен тыс сайлауы өтеді. Үгіт-насихат науқаны бастала салысымен сайлауға түсетін барлық кандидаттар мен партиялар қызу жұмысты бастап кетті. Қазір олар күн сайын жер-жерді, ел-елді аралап, жергілікті халықпен жеке тілдесіп, мәселелерін тыңдап әрі оны шешу үшін өз ұсыныстары мен уәделерін де қоса беруде. Stan.kz ақпарат агенттігі партиялардың насихат науқаны қалай өтіп жатқанын шолып шықты.

партиялар

Айта кетейік, үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда басталған. Науқан 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

"AMANAT" партиясы

24 ақпанда "AMANAT" партиясының республикалық сайлауалды штабы Шығыс Қазақстан облысына келді. Штаб мүшелері шырайлы шығыстағы сапарын Зайсандағы аудандық аурухана ұжымымен жүздесуден бастаған. Баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, мұнда аманаттықтар ақ халатты жандармен партияның денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бастамаларын талқылаған.

Осыдан кейін республикалық штаб мүшелері Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесті. Партиялықтар халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындарды толғандырған мәселелерге құлақ түрді.

"AMANAT" партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Ұлытау облысына барды. Кездесуге Республикалық сайлауалды штабтың мүшелері Аманжол Әлтай мен Максим Рожин, Ұлытау облыстық мәслихаты депутаттығына үміткер Саят Балмағанбетов, Ержан Тоқымбаев және ҚР парламенті мәжілісі депутаттығына Ұлытау облысынан бірмандаттық округ бойынша үміткер Ерболат Сатыбалдин қатысқан. 

Сондай-ақ, кездесуде жайылым көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін субсидияны алудың ашықтығы, шаруаларға арналған мемлекеттік қолдауларды көбейту жайы – партияның басты ұстанымдарының бірі екендігі айтылған.

Аманат партияя

Партияның өңірлердегі үгіт-насихат жұмысы әрі қарай Тарбағатай ауданында жалғасты. Мұнда аманаттықтар аудан тұрғындарымен кездесіп, ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсарту, табысын арттыру бағытындағы партияның алдағы жоспарымен бөлісті. Жиынға 200-ге жуық тұрғын қатысып, партия өкілдеріне өз мәселелерін, ұсынысы мен өтінішін жеткізген.

Шығыс қазақстандықтармен кездескен партия мүшелері ауыл тұрғындары үшін медицинаны қолжетімді ететінін айтты. Партия инсульт және коронарлық көмек беру орталықтарының желісін кеңейтеді. Сондай-ақ, барлық денсаулық сақтау ұйымындағы заманауи жабдықтардың үлесін 70%-ға жеткізуді көздеп отыр.

"AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасы қазақстандық байланыс спутниктерінің көмегімен елдегі 500 шекаралас, шалғай және жету қиын ауылды интернетпен қамтамасыз етуді көздейтінін айта кетейік.
Партия облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау жұмысын қолға алады. Қала мен ауыл халқын 100% сумен қамту үшін партия жаңа су қоймаларын салуды және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды жоспарлап отыр.

"Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы

"Ауыл" партиясының кандидаттары елордада "Астана электротехникалық зауыты" ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Кездесу барысында кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлерге "Ауыл" партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырған.

Ауыл партия

Сонымен қатар кездесу аясында кандидаттар қалада өмір сүрудің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту сияқты тақырыптарды көтерді. Үгіт-насихат тобы қазақстандық қоғамда отбасының, ана мен жастардың рөлін арттырудың маңыздылығын мәлімдеді. Ауыл мен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы барлық әлеуметтік-экономикалық мәселені түбегейлі шешуге болатынын айтқан.

"Respublica" партиясы

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталған 6 күн ішінде партия жетекшілері, мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ 20 аймақтық штаб өкілдері кездесулер ұйымдастырып, оған 30 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Партия баспасөз қызметінің дерегінше, үгіт-насихат жұмыстары жүргізгелі бері 30 000-нан астам қазақстандық кездесулерге келген. Партия қатарына өтуге 25 000-нан астам адам өтініш білдіріпті.

"Respublica" партиясының өкілдері Тараз қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті. Мұнда жергілікті кәсіпкерлермен, түрлі саладағы компаниялардың еңбек ұжымдарымен кездесулер өткен. Ең алдымен Respublica-лықтар "Баласағұн" сарайында кез келген адам келіп, ой-пікірін, ұсынысын жеткізе алатын жиын өткізді. Онда партия мүшелерін тыңдауға 1000-нан астам Тараз тұрғыны келгені айтылады.

Республика партия 2

Азаматтар алдында партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төрағасы Сырымбек Тау, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қуаныш Шонбай, Қырмызы Жандосова, Екатерина Смолякова, Әсел Дәкен, Олжас Болатбекұлы және Бақытбек Хамит сөз сөйлеген. Олар партияның бағдарламасымен таныстырып, елімізде нені өзгерту керектігі жөнінде ой бөліскен.

Қазақстан Халық партиясы

Билік халыққа! – деп ұрандатқан Халық партиясының өкілдері Астанада көпбалалы аналармен кездесті. Қазақстан Халық партиясы Астанада өткен Аналар құрылтайында көпбалалы және ерекше қамқорлықты қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау аясын кеңейту көтерген мәселесін көтерген. Штаб күнтізбелік жоспар бойынша еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен кездесулер өткізеді деп күтілуде. Алдағы бір ай ішінде ірі қалалар мен аудан және ауылдық жерлерде 3 мыңға жуық шара өткізу жоспарланған.

Саяси ұйым өз бағдарламасында әлеуметтік салаға басымдық берген. Құжатта алтын құрсақты аналардың мәртебесін нығайту, бала тәрбиесі, тұрғын үй, жаңа жұмыс орындарын құру туралы айтылған. Сондай-ақ, медициналық-әлеуметтік сараптамалардың жұмысын қайта қарау да назардан тыс қалмады.

Халык партиясы

Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев көпбалалы аналарға көңіл бөлуді жетілдіру қажет екенін айтқан.

"Жалпы отбасы – қазақ қоғамының асыл құндылығы екенін әрқашан жадымызда ұстауымыз қажет. Бәріміз сол алтын ұядан шықтық. Сондықтан саяси өмірімізде көпбалалы аналар басты назарда болуы тиіс", - деген Ермұхамет Ертісбаев.

"Baytaq" Жасылдар партиясы

Жасылдар партиясы Қарағанды қаласында митинг өткізіп, Балхаш көліне қауіп төніп тұрғанын айтты. Олардың наразылығына себеп болған мәселе- Алматы облысы Үлкен ауылында АЭС салуға жоба құрған үкіметтің жоспары.

"Арал теңізінен айырылдық. Енді, Қарағанды өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның көркі болып отырған Балхаш көлімен де бұл жағдайдың қайталануын қаламаймыз. Одан айырылып қалғымыз келмейді", - дейді партиялықтар.

Байтак партия 2

Партия мүшелері бұл мәселеге ауқымды резонанс тудыру қажет екеніне сенімді.

"Ақ жол" партиясы

"Ақ жол" демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматы қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті.

"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және Мәжіліс пен жергілікті маслихатқа үміткерлер  бастаған "Ақ жол" демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматы қаласының еңбек ұжымдарымен жүздесті. Партия мүшелері "Евразиян фудс" АҚ-ның еңбек ұжымымен кездесу өткізген.

"Біздің мақсатымыз - нарықтық ұстанымдарды, әділ бәсекелестік пен отандық өндірушілерді қолдайтын "Ақ жол" демпартиясының парламенттегі жұмысы туралы айту. Бір жағынан еңбек ұжымдарының ескертпелері мен өтініштерін тыңдаудамыз, экономикалық мәселелерден бөлек, әлеуметтік әділеттілік, жемқорлықпен күрес, саяси реформалар жөнінде сұрақтар келіп түсуде. Бұл біз үшін өте маңызды, себебі, "Ақ жол" демпартиясына дауыс беріп, сенім артатын жандармен ұдайы байланыста болуымыз керек", - деді Азат Перуашев.

Ак жол Перуашев

Сондай-ақ, "Ақ жол" үгіт-насихат тобы Алматы электромеханикалық зауытының ұжымымен кездесті. Емін-еркін пікір алмасу нәтижесінде бірқатар қызметкерлер "Ақ жол" демпартиясы қатарына өтетіндерін жариялап, солардың ішінде Марат есімді бірінші ниет білдірушіге Азат Перуашев партиялық төсбелгісін бірден шешіп, кеудесіне таққан. 

"Ақ жол" демократиялық партиясының 700-ден астам кандидаты еліміздің әр өңірінде сайлаушылармен кездесуін жалғастыруда.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы

Павлодарда партияшылар сайлаушылармен кездесу өткізді. Басқосуда жас сарбаздардың аналарымен қазіргі казақстандық әскердегі мәселелер талқыланған.

Партия мүшелері қазақстандық әскерді реформалайтын уақыт келгенін айтады. Біздің ойымызша, кәсіби әскерді құру үшін, өз өмірін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін азаматтарға баса назар аударып, солармен жұмыс жасауымыз керек, дейді олар.

Партия қазақстандық әскерді келісімшартқа отырған әскери қызметкерлерден тұратын кәсіби құрамға толықтай ауыстыруды талап етеді.
Сонымен қатар Астанада ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасының таныстырылымы өтті. 

ЖСДП

ЖСДП мүшелері 25 ақпанда Алматы қаласында жоспарлаған митингке әкімдіктен рұқсат берілмегенін айтады. Соған қарамастан партия мүшелері митингті 4 наурызда өткізуді жоспарлап отыр. Олар бұл шарада еліміздегі құрылыс нысандарындағы мәселелер мен сейсмологиялық қауіпсіздікке биліктің назарын аударғысы келеді.

Ақберен Амангелді
Жұма, 24 Ақпан, 2023 16:38
Талқылау