Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанды Орталық Азиядағы ең тартымды инвестициялық нарыққа айналдыруды көздеймін – Марсия Фавале

Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін инвестиция тартуы қажет. Бұл бағытта Qazaqstan Investment Corporation (QIC, “Бәйтерек” ҰБХ” АҚ еншілес ұйымы) маңызды рөл атқарады. Себебі корпорация қаржыны денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, жасыл энергетика және жоғары технологиялық жобалар сияқты басым салаларға бағыттайды. QIC Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі, Стратегиялық жоспарлау және корпоративтік даму комитетінің төрағасы, қаржы саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар Марсия Фавале – Қазақстанның қаржы секторын тұрақтандыруға айтарлықтай үлес қосқан маман. Ол Қазақстан үкіметінің аға кеңесшісі ретінде халықаралық инвестициялар тарту және банк секторын қайта құрылымдау бойынша маңызды шешімдер қабылдауға қатысқан. Stan.kz тілшісі Марсия Фавалемен кездесіп, Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер мен экономикалық тұрақтылық туралы сұхбаттасты.

“Қазақстанға алғашқы инвесторларды тартқан қаржыгерлердің бірі болдым”

Марсия Фавале 2001 жылы Қазақстанға алғаш келгенде, ел әлі халықаралық аренада кеңінен танымал емес еді. Бірақ ол бұл нарықтың болашағы зор екенін бірден байқаған.

“Қазақстанға алғаш рет 2001 жылы халықаралық инвесторларды тарту мақсатында келдім. Сол кезеңде елдің экономикалық әлеуеті жоғары болғанымен, жаһандық инвестициялық нарықта таныстырылмаған еді. Біз 2003 жылы алғашқы еурооблигацияларды шығарып (Қазақстанның Даму Банкі), қаржы саласына жаңа мүмкіндіктер аштық. Инвестициялық ландшафт бойынша инвесторлардың қызығушылығы арта бергендіктен, Қазақстан аймақтағы инвестициялау орны болудан пайда көрді. Ел экономикасына миллиардтаған инвестиция тартылды. Дегенмен мақсатымыз инвестицияны одан да көбірек тарту. Бізге смарт инфрақұрылымды дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу және халықтың өмірін жақсарту үшін қаражат қажет”, – дейді ол.

Қаржыгердің айтуынша, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті зор. Өсу мақсаттарын қолдау үшін біз Qazaqstan Investment Corporation нарықты дамыту стратегиясына сүйене отырып, елдегі инвестициялық мәдениетті одан әрі дамытуымыз керек.

“Тек шетелдік инвесторларды тартумен шектелуге болмайды. Ішкі нарықты дамыту және жергілікті инвестициялық ойларды өзгерту да маңызды. Біз сәтсіздікке жол беретін үлестік тәуекел мәдениетін қабылдауымыз керек. Қазақстанда жергілікті кәсіпкерлерге өз жобаларын әзірлеуге мүмкіндік пен қаржыландыру берілуі керек, өйткені олар шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырады. Шағын орта бизнестің өсуі тұрақты экономиканың негізі болып табылады”, — дейді Фавале.

“Мен Қазақстанға ақша табу үшін келген жоқпын”

Қазақстан Фавале үшін жай ғана жұмыс істейтін ел емес. Ол бұл жерде шын жүректен еңбек еткісі келетінін жасырмады.

“Қызым Алматыда дүниеге келді. Сондықтан бұл ел маған бөтен емес. Қазақстан – менің өмірімнің бір бөлігіне айналған мекен. Мен мұнда тек ақша табу үшін емес, елдің дамуына үлес қосу үшін келдім”, — дейді ол.

Фавале Қазақстандағы инвестициялық саясаттың өзгерістерін жіті қадағалап, өз тәжірибесін ел игілігі үшін пайдалануға тырысады. Оның айтуынша, инвестиция – тек бизнес емес, сонымен қатар экономиканың тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін құрал.

“Қазақстанда бизнес жүргізудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мемлекет инвестициялық саясаттың ашықтығын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға тиіс. Егер шетелдік және жергілікті инвесторлар елдің тұрақты дамуына сенсе, олар ұзақ мерзімді жобаларға қаражат салуға дайын болады”, — деп санайтынын айтты.

“Экономиканы әртараптандыру үшін сәтсіздікке мүмкіндік беру керек”

Марсия Фавале Қазақстандағы кәсіпкерлік экожүйенің дамуы үшін бизнес-ортаға жаңа көзқарас қажет деп есептейді.

“Кәсіпкерлердің ең үлкен қатесі – олар тәуекелден қорқады. Ал экономиканы әртараптандырудың жалғыз жолы – адамдарға қателесуге мүмкіндік беру. Ірі жетістіктерге жету үшін сәтсіздіктен сабақ алып, қайта тұру керек. Илон Маск бірнеше рет банкротқа ұшырауға шақ қалды. Бірақ ол әр қатесінен сабақ алып, түптің түбінде әлемдегі ең ықпалды кәсіпкерлердің біріне айналды. Қазақстандағы кәсіпкерлер де сәтсіздіктен қорықпай, қайта тұрып, алға ұмтылуы керек”, — деп Маскты мысалға алды.

Оның айтуынша, Қазақстандағы стартап экожүйесі енді ғана қалыптасып келеді. Ал оны нығайту үшін кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашу қажет.

“Мемлекет пен жеке сектор бірігіп жұмыс істесе, ел экономикасы тезірек дами түседі. Бізге инновациялық идеяларды қолдау, технологиялық стартаптарды дамыту және венчурлық инвестицияларды ынталандыру керек”, — дейді Фавале.

“Қалталы адамның барлығы инвестор бола алмайды”

Көпшілік инвестицияны қарапайым бизнес деп қабылдайды. Бірақ Фаваленің айтуынша, қалтасында қаржысы бар әр адам инвестор бола бермейді.

“Инвестор үшін ең маңыздысы – салған қаражаттың жоғалуы мүмкін екенін түсіну. Егер ол тәуекелге баруға дайын болмаса, онда бұл салада табысқа жетуі қиын”, — дейді ол.

Фавале жеке капитал мен акция нарығының айырмашылығына да тоқталды.

“Мысалы, Coca-Cola немесе Facebook сияқты компаниялардың акцияларын кез келген адам сатып ала алады. Бірақ жеке капитал – белгілі бір тұлғалар мен компанияларға тиесілі. Сондықтан мұнда нарықты терең түсіну қажет”, — деп түсіндірді ол.

“Қазақстан кәсіпкерлері меншікті капиталдан бас тартқысы келмейді”

Фавале қазақстандық кәсіпкерлер немесе ірі жобалардағы немесе компаниялардағы бизнес иелері өз бизнесін толық бақылауда ұстағысы келеді деп санайды. Бірақ мұндай көзқарас бизнестің өсуіне кедергі келтіреді.

“Көп кәсіпкер сыртқы қаржы ресурсын тартудан бас тартады. Бірақ бизнес өсіп, ауқымын кеңейту үшін инвесторларға ашық болу қажет. Қаржылық серіктестік – компанияның өркендеуінің негізгі кілті”, — дейді ол.

Ал жергілікті кәсіпкерлерге инвесторлармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге кеңес береді.

“Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас орната білген кәсіпкер бизнестің жаңа деңгейіне шыға алады. Қазақстан стартаптары мен компаниялары халықаралық деңгейде көбірек танылған сайын, елдің экономикасы да күшейеді”, — деп түйіндеді.

Марсия Фаваленің байқауынша, қазақстандық бизнес иелері өз активтерін бөліскісі келмейді.

“Бірақ бұл дұрыс емес. Себебі сіз өз дамуыңызға өзіңіз кедергі келтіресіз. Инвестиция тарту – бизнесті өркендетудің басты тетіктерінің бірі. Қазақстанда халықаралық инвесторлар көбейген сайын, елдің жаһандық аренадағы беделі де артады. Біздің стартаптарымыз бен шағын орта бизнес, және үлкен компанияларымызға неғұрлым көп инвестор қызығушылық танытса, соғұрлым ел экономикасы өседі. Сондықтан кәсіпкерлер жаңа серіктестіктерге ашық болуға тиіс”, — деп кеңес берді Фавале.

“QIC трансформациядан өтеді”

Марсия Фавале қазір Qazaqstan Investment Corporation жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айтты.

“Біз QIC-ті заманауи талаптарға сай трансформациялау қажет екенін түсінеміз. Қазіргі басшылықтың мақсаты – Қазақстанға көбірек инвестиция тарту және ел экономикасының өсімін жеделдету. Бұл оңай процесс емес, бірақ қажет қадамдарды жасаймыз”, — дейді Фавале. 

Фавале болашақта Қазақстанды Орталық Азиядағы ең тартымды инвестициялық нарыққа айналдыруды көздейді.

“Қазақстанда мүмкіндік өте көп. Ең бастысы – дұрыс стратегия құрып, дамудың тиімді жолдарын анықтау”, – деп түйіндеді қаржыгер. 

Ол Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне сенеді. Сондай-ақ кәсіпкерлерді тәуекелден қорықпауға, ал мемлекетті инвестициялық саясаттың ашықтығын қамтамасыз етуге шақырады.

Инвестиция – қаржы салу ғана емес, сенім мен тұрақтылықтың белгісі. Сондықтан Қазақстанның дамуы үшін ішкі және сыртқы капиталды ұтымды пайдалану маңызды”, – дейді ол. 

Талқылау