Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: Іс қасақана адам өлтіру бабымен тергеледі
Бас әскери прокуратура баатыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"2024 жылғы 7 қыркүйекте сағат 17:10 шамасында Ақтау қаласындағы ҚР ҚМ әскери бөлімдерінің бірінің взвод командирі "Оймаша" полигонының аумағында ПМ табельдік тапаншасынан қатардағы Б-ға оқ атып, соңғысы қайтыс болды. Сол күні Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚК 99-бабының 1-бөлігі)", – делінген хабарламада.
Тергеу органы күдіктіні Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібімен ұстады және Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қажетті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде, қылмыстың себептері мен өзге де мән-жайлар анықталуда. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды.
Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
"Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәлімет жарияланбайды", – делінген Бас әскери прокуратураның хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде сарбаз көз жұмғаны туралы хабарлаған едік.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
