Маңғыстаудағы аққулардың жаппай қырылуы: Rixos қонақ үйіне айыппұл салынды
Маңғыстау облыстық экология департаменті Rixos қонақүйіне тексеріс нәтиежесінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңірдің экология департаментінің мәліметінше, 8 қаңтарда табиғи орта ассоциация кеңесінің төрағасы Ә.Қозбақов Aktau Tourism City Ltd жеке компанияның филиалы мен TetysBlu паркі жағынан Қаракөлге құбыр арқылы төгінді су құйылып жатқаны бойынша арыз түсірген.
“Аталған дерек бойынша департамент "Rixos Water World Aktau" қонақүйіне Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, 2024 жылдың 9 қаңтарында №3 санды жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесі бойынша экологиялық заң талаптары сақталмағаны анықталып, ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 331-бабының 2-тармағына сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген 1 846 000 тенге айыппұл салынды. Сонымен қатар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 328-бабының 1-тармағына орай қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін жұмыс істеп тұрған нысанға жаңадан берілген экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асырғаны бойынша іс қозғалған және айыппұл 232 663 теңге салынды”, – делінген хабарламада.
Экология департаментінің қаңтар айындағы ңұсқамасы негізінде "Rixos Water World Aktau" қонақүйі сыртқа шығатын ағынды қалдық сулардың қалалық кәріз желілеріне қосылғанын және тазартылған ағынды суларын ағызатын Қаракөл көліндегі құбырдың алынғанын мәлімдеді.
- Эпидемиологтар Маңғыстау облысында тараған құс тұмауының адамдарға жұғу қауіпі туралы айтты
- Ақтаудағы аққулардың қырылуы: Ветеринарлар халықтан көл маңына бармауды сұрады
Бұған дейін аққулардың жаппай қырылуына байланысты Rixos Aktau-ға қатысты іс қозғалғаны хабарланған.
Еске салайық, бұған дейін желіде Қаракөлге қара қошқыл сұйықтықтың төгіліп жатқаны түсірілген кадрлар пайда болған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған қалдық су төгілуі мүмкін екені айтылды.
21 желтоқсаннан бері үш апта бойы Қаракөлде аққулар жаппай қырылған. Олардың саны қазір 870-ге жетіп отыр. Ресми мәлімет бойынша, бастапқы тексеріс қорытындысы "аққулар құс тұмауынан өлген" болуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін мамандар "құстар жем таппай суықта қырылған" деген тұжырым жасаған. Егер Қаракөлде аққулардың қырылуына қонақүй кінәлі екені расталса, оған айыппұл салынуы мүмкін екені айтылды.
Rixos Water World Aktau қонақүйі — Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. 2020 жылы тамызда ашылған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан.