Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда итбалықтар жағаға жаппай шығып жатыр

Маңғыстауда итбалықтар жаппай жағаға шығып жатыр. Аталған жағдайға экологтар да таңданысын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Соңғы бірнеше күн ішінде теңіз жануарлары жағаға жаппай шығып жатыр. Олардың жағалауға шыққаны түсірілген видеолар леуметтік желілерде тарап жатыр. Итбалықтар Қаражамбас пен Қаламқас кен орындарынан табылған.

Итбалықтар адамдардың жақындауына жол бермей, өздерін қорғауға тырысады. Ал тұрғындар оларды ұстап, суға жіберуге барын салып жүр. 



Экологтар бір жерден 20 итбалықтың табылғанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, итбалықтар белгілі бір себептермен суды тастап кетуі мүмкін. Мұны зерттеу арқылы ғана анықтауға болады дейді мамандар.

Дегенмен әзірге ешкім итбалықтардан талдау алмаған. 

“Әзірге тек өз болжамымызды айта аламыз. Итбалықтардың жағаға шығуына теңіздің ластануы, қандай да бір шығарындылар мен ағындар, теңіз түбіндегі тектоникалық ығысулар себеп болуы мүмкін”, – деді Маңғыстау облысы өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда демалыс базасының аймағынан итбалық пен құстардың өлекселері табылғаны туралы жазған едік. 

Талқылау