Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда 400-ден астам бала уланған мектеп асханасындағы қызметкерлер жалған құжатпен жұмыс істеген

Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланған мектеп асханасының қызметкерлері жалған медициналық құжатпен жұмыс істеген болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Маңғыстау облысындағы мектеп асханасында жұмыс істейтін төрт адам дәрігерлерге тексерілмей, арнайы кітапшаны 5 мың теңгеге сатып алған екен. Сотта кінәсі толық дәлелденген айыпталушылар әкімшілік жазаға тартылды. Бір қызметкер 148 мың теңге, қалған үшеуі 74 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Олар қолдан жасалған медициналық құжатпен жұмысқа орналасып, балаларға ас дайындап жүре берген.

Бесшоқы ауылындағы 460 оқушының улану ісі қазір Мұнайлы аудандық сотында қаралып жатыр. Айыпталушы ретінде балалардың тамағына жауапты компанияның басшысы жауап береді. Оған "санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша айып тағылған. Тергеудің дерегінше, мектеп асханасында шыбын-шіркей қаптаған. Күнделікті тазалық жүргізілмеген, аспаздар жеке гигиенаны сақтамаған.

“Медициналық құжаттарының жалған екені анықталды. Мұнайлы аудандық сотының үкімімен олар кінәлі деп танылып, бір азаматқа қатысты 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл, қалған үш азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған”, – деді Мұнайлы аудандық соты әкімшілігінің басшысы Ерсін Қазиев.

Талқылау