Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық колледж директоры қызметкерлерінен "сыйақы үшін" 30 миллион теңге алған

Маңғыстау облысы Бейнеу гуманитарлық колледжінің директоры бюджеттің ірі көлемдегі ақшасын иемденді деген айыппен сотталды. Сотта оның 2022 жылғы желтоқсан және 2023 жылғы тамыз айлары аралығында қызметкерлерге сыйақы беру туралы бұйрықтар шығарғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі

Сотталушы тікелей кадр бөлімі басшысына нақты қандай қызметкерлерге сыйақы беру және оның мөлшері туралы бұйрықтар рәсімдеу туралы ауызша нұсқау берген.

“Колледж қызметкерлерінің бірқатары сыйақы ретінде өз есепшоттарына аударылған ақшалай қаражаттарының бір бөлігін сотталушы Ж-ға қолма-қол, ал бірқатары колледж бухгалтері арқылы қайтарған. Салдарынан сотталушы Ж колледждің бюджеттік қаражатынан 29 550 929 теңгені заңсыз иемденген”, – делінген Бейнеу аудандық сотының хабарламасында.

Сот жаза тағайындау кезінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының өз кінәсін мойындауын, шын өкінуін, келтірген мүліктік залалды толық өтеуін, асырауында жас баласының барын ескерген.



“Сотталушы Ж ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-нің 74-бабына сәйкес, асырауында жас баланың болуына байланысты тағайындалған жазаның орындалуы 4 жыл мерзімге кейiнге қалдырылған. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – деді Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2024 жылдың 7 наурызында Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық іздестіру басқармасының №57 мекемесінің басшысы пара алды деген күдікпен ұсталғанын жаздық. Тергеу мүддесі үшін істің егжей-тегжейлері жарияланбайтыны айтылған.

Талқылау