Алматы әкімдігі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа 2,5 миллион теңге қаржылай сертификат табыстады
Алматы әкімдігінде мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алуымен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігі
Михаил Шайдоров – жеке сырғанауда өнер көрсететін мәнерлеп сырғанаушы. Бостонда өткен әлем чемпионатында ол күміс медальға ие болды. Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов спортшыны құттықтап, бұл жетістіктің табандылық пен мақсаткерліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Кездесу барысында Бейбіт Шаханов Алматы әкімдігінің атынан Михаил Шайдоровқа 2,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табыстап, оның отандық спортты дамытуға және қаланы халықаралық деңгейде танытуға қосқан зор үлесін ерекше айтты.
"Сіз қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың абыройын арттырып қана қоймай, жүздеген жас спортшыны өзіне сенуге және алға ұмтылуға шабыт бердіңіз. Ерекше алғысты жаттықтырушыңыз Әсем Робертқызы Қасановаға айтқым келеді. Ол өз ісіне деген жоғары кәсібилігімен, даналығы және шынайы адалдығымен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанау бойынша бас бапкері ретінде ол спорттың дамуына және мұз айдынында жаңа жұлдыздардың қалыптасуына үлкен үлес қосты", – деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде Михаил Шайдоров қолдау көрсеткені үшін әкімдікке алғыс білдірді.
"Қала әкімдігіне, алматылықтарға қолдау көрсеткені үшін өте ризамын. Бұл мені шабыттандырып, әрі қарай жетістікке жетуге күш береді. Бұл менің ғана емес, бүкіл елдің жеңісі, маған сеніп, осы жолда көмектескен көпшіліктің еңбегінің нәтижесі", – деді Михаил Шайдоров.
Еске салайық, бұған дейін 30 наурызда мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының жетекшісі Михаил Шайдоров Бостонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында екінші орын алғанын жаздық. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қысқа бағдарламадан кейін үшінші орынға жайғасты. Ал еркін бағдарламада192,70 ұпай алды. Жалпы есепте 287,47 ұпай жинап, екінші орынды иеленді.