Маман COVID-19 пандемиясы қашан аяқталатынын мәлімдеді
Кейбір мамандар коронавирус пандемиясы кем дегенде тағы бір жылға созылатынын айтады. Ресейлік инфекционист дәрігер Георгий Викулов қалыпты өмірге оралуға кедергі болып отырған негізгі мәселені атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Радиосына сілтеме жасап.
Бұған дейін РИА Новостиге инфекционист дәрігер Евгений Тимаков пандемия шамамен бір жылдан кейін аяқталады деп болжам жасаған. Георгий Викулов онымен келісіп отыр.
"Неге тағы бір жыл деп жатыр? Себебі әлемдегі адамдардың басым бөлігінде әлі күнге дейін инфекцияға қарсы иммунитет жоқ. Әсіресе бұл тұрмысы төмен елдерде айқын байқалып отыр. Демек, ондай жерде аурудың қоздырғышы айналып жүре береді", – дейді Викулов.
Маманның айтуынша, жер-жаһанда адамдардың 60 пайызында COVID-19 инфекциясына қарсы иммунитет пайда болғанда пандемия аяқталады.
"Адамдардың бір бөлігі ауырып шығады, басым бөлігі вакцина салдырады. Ғаламшар халқының 60 пайызында коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет қалыптаспағанша түбегейлі өзгерістер болмайды", – деп атап өтті дәрігер.
Инфекционист бүгінде әлем халқының тіпті үштен бір бөлігі де инфекцияға қарсы иммунитетке ие болмағанын атап өтті.