Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мағжан Шамшадиннің бапкері шәкіртінің орнына Елдос Сметовті әлем чемпионатына апаратынына наразы

Әбу-Даби қаласында өтетін әлем чемпионатына Елдос Сметовтен жоғары тұрған Мағжан Шамшадиннің тізімге енбеуі оның жеке бапкері Қален Қалиұлының түсінбеушілігін тудырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қален Қалиұлының айтуынша, Астанадағы Grand Slam турнирі қарсаңында федерация басшылары олимпиадалық рейтингте жоғары тұрған спортшылардың әлем чемпионатына қатысатынын айтқан. Алайда Астанадағы турнир аяқталған соң 60 келі салмақта Мағжан Шамшадиннен әлдеқайда төменгі орында тұрған Елдос Сметовтің әлем біріншілігіне баратыны белгілі болды.

“Бұл жағдай 2023 жылы басталды. Былтыр Катардың Доха қаласында әлем біріншілігі өтті. Сол сын қарсаңында Мағжан Шамшадин әлемдік рейтингте бәрінен жоғары тұрды. Нұрқанат Серікбаевтан да, Елдос Сметовтен де биік тұрғанына қарамастан, басшылар мен бапкерлер әлем чемпионатына Мағжанды қатыстырған жоқ. Әділетсіздіктің бәрі осыдан басталды. Спортта  мықтылар қалай анықталады? Әрине, әлемдік жарыста алған орнына қарай белгілі болады. Ал әлемдік турнирлерде орын алған спортшы тиісінше рейтингте де жоғары орналасады. Рейтингте жоғары тұрған адам әділетті түрде жеңіске жететінін ұмытпау керек. 

Былтыр әлем чемпионатына қатыспаған соң, Мағжан өзін қайтадан дәлелдеді. Спартакиаданы ұтты, Астанадағы Grand Slam турнирінде топ жарды. Содан соң ғана бапкерлер оны Азия ойындарына қатыстырды. 

2023 жылдың қазанында Мағжан жарақат алып, алты ай бойы жарысқа шыға алмады. Осы аралықта Нұрқанат Серікбаев та, Елдос Сметов те бірнеше турнирде бақ сынап, рейтингте Мағжанның алдына шыға алмады. Тек Тбилисидегі додадан соң ғана Серікбаев алға озды. Мен қазақ жігіттерінің рейтингте жоғарылағанына тек қуанамын. Бірақ біздің жағдайда рейтинг ішкі бәсекелестікті рейттейтін құрал болып тұр. Сондықтан, әлемдік рейтингте жоғары тұрған шәкіртімнің қатарынан екінші рет әлем чемпионатынан сырт қалғаны жаныма батады", – дейді Қален Қалиұлы. 

"Астанадағы жарыс басталмай тұрып, бапкерлер рейтингке қараймыз деді. Бас хатшы да, бас директор да солай деген. Қазір рейтингте Серікбаев 15, Шамшадин 18, Сметов 26-орында тұр. Бірақ, "баяғы жартас – бір жартас" күйінде қалды. Мағжан тағы да әлем чемпионатынан әділетсіз шеттетіліп отыр. Елдос Сметовке ешқандай жеке бас араздығым жоқ. Ол қазақ дзюдосын әлемге танытқан жігіт. Алайда әлемдік сынға қатысатын балуандарды әділетсіз таңдаған бас бапкер мен федерация басшыларына ренішім бар. Өте өкінішті. Нұрқанат Серікбаев қазір рейтингте жоғары тұр, себебі, ол 2023 жылдан бері 16-17 жарысқа қатысты. Мағжан жарақат алмай тұрып-ақ, мұндай турнирге барған жоқ. Жыл басынан бері Нұрқанат 6, Елдос 4 жарысқа қатысты. Ал жарақатынан айығып оралған Мағжан бар болғаны екі турнирде бақ сынап, біреуінде финалға жетіп отыр. 

Елдос – тарихты жасап жүрген жігіт. Бірақ әділ болуы үшін рейтингті есепке алу керек еді. Жалғыз бір адам емес, бүкіл спортшы еңбек етіп жатыр. Басқалардың еңбегін жоққа шығарып, сағын сындыру – өте қиын дүние. 

Мен Мағжан Шамшадинді неліктен әлем чемпионатына қатыстырмайтынын түсінбедім.  Кешегі Азия біріншілігіне де рейтингпен апарып, әлемдік жарысқа келгенде мұны ұмытып кететіні қалай? Үлкен күмән бар.

Бір адамның абыройы, атағы бар деп, алдына түсе берсек, басқа жігіттер не үшін дайындалып жүр? Не себепті олар күндіз-түні тер төгіп жатыр? Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақыты бар кезде адам күресіп, абырой-атақ алады. Кейін басқаларға орнын береді. Мен өзім де ұлттық құрамада жұмыс істедім. Бәлкім, басшылар мен бапкерлер мені жақтырмайтын шығар. Бірақ жаттықтырушысын жақтырмағаны үшін спортшыны аяқтан шалуға болмайды. Мағжан дамыл таппай, өз еңбегімен жеңіске жетіп жүрген жігіт", – деді Қален Қалиұлы. 

Айта кетейік, Мағжан Шамшадин жақында жарақатынан айығып, татамиге оралды. Ол ұзақ үзілістен соң өзі қатысқан алғашқы жарыс – Душанбедегі Grand Slam турнирінде финалға шығып, күміс медаль иеленді. Алайда Астанадағы сында жолы болған жоқ. Ал Елдос Астанадағы дүрмекте үздік үштіктен көрінді.

 

 

 

Талқылау