"Маған қауіп төніп тұр": Түрмеде отырған марафоншы Марат Жыланбаев өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді
Желіде түрмеде отырған белсенді әрі марафоншы Марат Жыланбаевтың адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаевқа жазған хаты пайда болды. Мұнда марафоншы өзіне түрмеде қысым көрсетіліп жатқанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Азаттық радиосы
Жыланбаев өз жазбасында бұған дейін қысыммен өзіне құқық қорғаушылар сұратпағанын алға тартты.
"Маған №4 мекеменің қызметкерлерінен қауіп төніп тұр. Маған жедел түрде келуіңізді өтінемін. Бұған дейін қысыммен құқық қорғаушылардан көмек керек емес деп жазған едім", – делінген 17 маусымдағы марафоншының мәлімдемесінде.
Кейін Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев 17 маусымда онымен Степногорстегі колонияда кездескен.
"Ол маған мекеме басшылығы мен әкімшілігі үш сотталушыны өзіне қарсы қойып отырғанын айтты. Қазір мекемеге Атбасар қаласындағы №1 мекеменің бұрынғы басшысы болған сіздерге аты жақсы таныс Қазбек Байкадамов жетекші", – деді адвокат TikTok парақшасында.
Адвокат сонымен қатар бұл мекеменің басшысының өткен аптада пара алып жатқан жерінде ұсталғанын алға тартты. Алайда сонда да қазір Жыланбаевқа қысым жалғасып жатыр екен.
18 маусымда Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Степногорсктегі №4 мекеменің бастығы, подполковник Асылхан Биттұғылов “алаяқтық" бабымен күдікке ілініп, ұсталғанын растады.
Жыланбаевтың түрмеде қысым көріп жатқаны туралы ақпарат 14 маусымда ол туыстарымен сөйлескен соң айтыла бастаған.
Еске салсақ, қараша айында Астананың қылмыстық соты танымал марафоншы Марат Жыланбаевты жеті жылға бас бостандығынан айырды. Кейінгі жылдары саясатқа қызыққан, митингілерге шығып, оппозициялық партияны тіркемек болған Жыланбаевқа ҚДТ "экстремистік ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айыптар тағылды.
Кейін Жоғарғы сот Жыланбаевтың үкімін қайта қарауға негіз жоқ деп тапты.