Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал марафоншы Марат Жыланбаев 7 жылға сотталды

Астана соты азаматтық белсенді Марат Жыланбаевты 7 жылға соттады. Бұған дейін прокурор супер марафоншыны 10 жылға соттауды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

марат жыланбаев

29 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Марат Жыланбаевқа қатысты үкім шығарды. Оны тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландырғаны (ҚР ҚК 258-бабы 2-бөлігі), сондай-ақ оның қызметіне қатысты деп айыптаған.

Соттың таратқан ақпаратына сүйенсек, “Жыланбаев Қазақстан аумағында тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымының (ҚДТ –ред.) жақтаушысы бола отырып, ҚДТ көшбасшысымен және оның шетелдік штабымен байланыста болып, олардан Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылымын күштеп өзгерту мақсатын көздейтін тапсырмалар мен нұсқаулар алған”. 

“Жыланбаев шетелде жасырынып жүрген "ҚДТ" штабының үйлестірушісімен алдын ала сөз байласып, экстремистік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатынын біле тұра, қаржылық, ақпараттық және өзге де қызметтерді ұйымдастырған”, – делінген айыптау қағазында.

Қорғаушы тарап  сотталушыны оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраған. 

Сонымен қоса сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен толық дәлелденгені айтылады.

“Сот үкімімен Жыланбаев Қылмыстық кодекстің  258-бабы 2-бөлігінде және 405-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалану құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды”, – дейді сот.

Сот жас баланың болуын және сотталушының бұрын-соңды сотталмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жыланбаевтың соты қалай өтті?

Азаматтық белсендіге "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" және "терроризмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. 



Жыланбаев уақытша ұстау изоляторында биылғы жылдың мамыр айынан бері отыр. Бұған дейін сот ашық өткен сотты бірден жабық өткізуге шешім қабылдаған. Оның жақтастары бұл шешімге қарсы шығып, мұны саяси қудалау деп атаған.

Жыланбаевтың соты 30 қазанда басталды. Бұған дейін белсенді сот шешіміне қарсылығын білдіріп, ауызын тігіп тастаған. Белсенді қамауда отырғанда аштық та жариялаған. Оның адвокатының айтуынша, 1 қарашада аштық жариялаған кезде оның салмағы 72 келі болған. Осы уақыт ішінде оның салмағы 59 келіге дейін түскен. Аштық акциясын доғарса да, Жыланбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, наразылығын мәлімдеуін тоқтатқан емес.

Жыланбаев кім?

Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы, сонымен қатар ол мемлекетті сынауымен де танымал. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдерді жалғыз жүгіріп өткен жалғыз адам. 60 жасағы Марат Жыланбаев Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген. Былтыр "Ар-Бедел" қоғамдық қоры белсендінің мәлімдемесінен кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысына тіл тигізді деп, белсендіні сотқа берген. Жыланбаев ол сотты жеңіп шыққан.

Ол 2016 жылдан бері Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол құрған автократиялық билік режимін, кейін Назарбаев президенттіктен кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару жүйесін сынап келе жатқан белсенді ретінде танылды. Үкіметті сынап бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан Жыланбаев бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.

Талқылау