Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

LRT ісі: Антикор Сұлтанбеков пен Арданды экстрадициялау жұмыстары туралы айтты

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астананың экс-әкімі Қанат Сұлтанбеков пен LRT ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Арданды іздеу және экстрадициялау туралы жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

коллаж лрт

Фото: strategy2050.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде Сұлтанбековтың АҚШ-та екені анықталған.

"Сонымен қатар АҚШ заңнамасына сәйкес, Интерполдың қызыл бюллетенінің болуы (экстрадициялау мақсатында адамды іздеу және қамауға алу туралы халықаралық хабарлама) қылмысқа қатысы бар адамды ұстауға және оны Қазақстанға экстрадициялауға негіз бола алмайды", - деп хабарлады агенттік.

Бұнымен қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талғат Арданның қайда екені анықтамағандарын жеткізді. 

"Іздеудегі Арданға қатысты, оның ішінде бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық бюросының шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен ынтымақтастығы аясында жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр", - делінген жауапта.

Осы тұста айта кетсек, Талғат Ардан бес жылдай іздеуде жүр. Қанат Сұлтанбеков төрт жыл бұрын қашып кеткен.

Естеріңізге сала кетейік, Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков интерполда жеңіл рельсті көлік құрылысы жобасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық пен жымқыру ісі бойынша іздеуде болған. 2020 жыл­дың қазан айында басталған Astana LRT ісі бойынша жеті сотта­лушыға жеңіл рельсті трассаны салу кезінде 5,7 млрд теңгені ұрла­ды деген айып тағылған еді. Кейін оларға қатысты үкім сырттай шығарылды. Оларға мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Талқылау